Шымкент қаласының тұрғыны Мария Жанекеева ұлының дене қызуы көтеріліп, ауырғанын көргеннен кейін бірден жедел жәрдем шақырады. Ауруханаға жеткізілген нәресте жағдайы ауыр болған соң жансақтау бөліміне жатқызылыпты.
Бірақ қызуы көтеріліп түскен бала көп ұзамай Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмған.
Мария дені сау баласының қазасы дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя алмауынан болды деп санайды. “Мен түнде келгенде, баламның жағдайы жақсы еді. Азанға дейін менің рұқсатымсыз менингит қаупі бар деп осы ауруға арналған дәрілерді менің рұқсатымсыз салып, өлтірді. Таңертең маған өлі баламның денесін берді”, - дейді Жанекеева. Жалғыз ұлынан айырылған әйел өзінің ешбір туысы тіпті күйеуінің де жоқ екенін айтады. Әйелдің ендігі талабы ұлына қандай дәрілер салынғанына көз жеткізіп, сәби жатқан палатаның бейне бақылауын қарау.
“Таңертең маған дәрігер баланың жағдайы жақсы екенін айтты. Мен бірінші қабаттан екінші қабатқа көтерілем дегенше дәрігер қайта шақырып, суыт хабарды жеткізді. “Мен салдым, балаң өліп қалды” – дейді. Неге менің рұқсатымды алмайды? Мен баламды алып кеткеннен кейін де маған ешқандай құжаттар бермеді, қандай дәрілер салынғанын да айтпады”, - дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Ал дәрігерлер болса сәбидің анасы емдеу шараларына кедергі келтірді деп отыр. Сөздерінше, Мария Жанекеева ұлына диагностика жасаудан бас тартып, аурухана қызметкерлеріне шағымым жоқ деп қолқат та жазып берген. “Бала бұдан бұрын 4 күн ауырған. Жеке емханада емделген. Судоргы болған соң бізге алып келген. Біз жағдайы жақсармаған соң, жансақтау бөліміне ауыстырдық. Жансақтау бөліміне түскен соң дәрігерлер анасына жағдайды түсіндірген”, - дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Ағабаев. Бауыр еті баласынан көз жазып қалған ана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.