16 шілдеде Қарағанды облысында жүк көлігі мен 17 адам болған микроавтобус соқтығысып, 8 адам қаза тапқан еді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, минивеннің рөлінде 17 жастағы жасөспірім отырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Апат түнгі 03:20-да Қарағанды облысы Шет ауданында болған. "Алматы-Екатеринбург" тас жолында "MAN” жүкі көлігі мен "Mercedes Sprinter" микроавтобусы соғылған. Минивен салонында 17 адам болған.
7 адам оқиға орнында жан тапсырса, тағы бір адам ауруханаға барар жолда қаза тапты. Түрлі дене жарақаттарымен 9 адам ауруханаға жеткізілген.
"Себебі неде? Біздің көлік жүргізушілері жұмыс уақытын сақтамайды. Бұл жүргізуші Алматыдан Нұр-Сұлтанға бара жатқан. Балқашқа дейін айтарлықтай қашықты жүрген соң рөлге кәмелетке толмаған жасөспірімді отырғызған. Жасөспірім 200 шақырым жол жүрген соң жолдың қарсы бетіне шығып, жүк көлігіне соғылған", – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Исмағұлов.
Апат салдарынан жүргізуші мен кәмелетке толмаған жасөспірім де ажал құшты.