Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов премьер-министр Әлихан Смайылов шарықтаған бағаны тұрақтандыруға селқос қарайтынын айтып салды, деп хабарлайды Экспресс К.
Халық қалаулысы бұл туралы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазған. Мәди Ахметов базардағы ахуалды өз көзімен көріп қайтыпты. Ол соңғы жарты жылда кей тауарлардың бағасы 2 есеге қымбаттағанын айтады. Мысал ретінде депутат қант бағасының аспандауын көрсеткен. Ол бұл жағдайға үкіметтің тиімсіз жұмысы себеп деп отыр.
«Әр сенбі Үкімет басшысы бейнеконференция өткізіп, өңірлердегі бағаны тұрақтандырып отырған кейіп танытады. Бірақ бұл әдістің ескіргенін, нәтижесіз екенін Мемлекет басшысы Үкімет отырысында кесіп айтты», — дейді депутат.
Мәди Ахметов қазақстандықтар табысының жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалатынын жазған. Ал одан артылғаны ипотека мен несие төлеуге, үйді жалға алу мен коммуналдық төлемдерге кететінін айтыпты.
«Жалақы, зейнетақы, шәкіртақының көтерілгенінен не пайда? Егер нәтижесінде қосылған ақшаны инфляция жеп қойып отырса? Еліміздегі азаматтардың табысының жартысынан көбі азық-түлікке кетеді. Одан артылғаны ипотекаға, кредитке, үйді жалға алу мен коммуналдық төлемдерге жұмсалады»,— деп жазады мәжіліс депутаты.
Депутаттың пайымынша, үкімет шұғыл шараларды қолға алмаса, жағдайдың оңалуы екіталай. Оның үстіне жаңа оқу жылының басталуымен оқушылардың киім-кешегі, оқу құралдары мен жалдамалы пәтердің бағасы аспандайды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін. Сол себепті ол бағаны тұрақтандыру бойынша жаңа, тиімді механизмнің қажеттігін айтып отыр.
«Халықтың жағдайын жақсарту үшін ең алдымен инфляцияны ауыздықтау қажет», — дейді Мәди Ахметов.