$ 494.87  520.65  4.91

«Біз қатты қажыдық»: Бейнеуде жалақыны көтеруді талап еткен теміржолшылар ереуілге шықты

Олармен сөйлесуге тек жергілікті билік өкілдері келеді және жиынның заңсыздығынан басқа ештеңе айтпайды.
фото: mangystaumedia.kz
фото: mangystaumedia.kz

Маңғыстау облысы Бейнеу стансасында теміржол жөндеушілердің наразылығы 1 тамыздан бері жалғасып жатыр. 300-ге жуық теміржолшы жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, әлі үйлеріне тарқамай тұр, деп хабарлайды Азатыққа сілтеме жасаған Ulysmedia.kz.

Теміржолшылар Бейнеу стансасындағы кеңсе аумағындағы гараждың маңына жиналып тұрғандарын айтады. Олардың сөзінше, жұмысты тоқтатпаған, жол қауіпсіздігіне жауаптылар өз кестелері бойынша теміржол рельстерінің қауіпсіздігін тексеріп келіп, наразылардың қатарына қосылып отырады.

Наразылыққа қатысушылардың бірі 4-разрядты жол жөндеуші Жайлаубек Жанбусиновтің Азаттыққа хабарлауынша, олармен сөйлесуге тек жергілікті билік өкілдері келеді және жиынның заңсыздығынан басқа ештеңе айтпайды.

    - 2 тамызда гараждың қасына киіз үй тігіп, көрпе-жастық әкеліп, қонуға бекінгенбіз. Бірақ әкімдіктегілер мен жұмыс берушілер келіп жықтырып тастады. Енді таңертеңнен кешке дейін осы жерде тұрып жүрміз. Жалақымызды Маңғыстау стансасымен теңестіріп көтеруді және жүз пайызға өсіруді талап етеміз. Талап орындалғанша кетпейміз, бұл – ұжымның шешімі, – деді ол.

Жиналғандардың арасында Бейнеуден алыс орналасқан Саятөс, Үстірт, Шам, Ақжігіт разъездерінен келіп тұрғандар да бар.

Бес баласы бар Жайлаубек Жанбусиновтің өзі Саятөс стансасында тұрады. Ол айлыққа 200 мың теңге алатынын, бұл айлық жетпейтінін, әйелінің жұмыссыз екенін айтады.

    - Біз қатты қажыдық. Жұмысымыз ауыр. Таңғы жетіден кешкі беске дейін далада жүреміз. Екі разъез арасында бас сұғып тамақ ішіп отыруға арналған «будкалар» бар. Бірақ оның ішінде отыру мүмкін емес. Өзімізбен алып шыққан асымыз жазда ашып кетеді, қыста қатып қалады, - дейді ол.

Жанбусиновтің сөзінше, Маңғыстау стансасындағылар Бейнеуге қарағанда 50-60 мың теңге артық алады, ал атқаратын жұмыстары бірдей.

1 тамызда темір жол жөндеушілері наразылығынан соң "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы ресми сайтында олардың жалақыны жүз пайызға көтеру талаптарын қаражат жоқтығынан орындай алмайтынын мәлімдеген.

    - Бұған дейін жалақы екі мәрте көтерілген. Қазір теміржолдың жағдайын білесіз, қарыз көп. Ертең компанияның басшыларының бірі барады деп отырмыз. Жаңалық болса хабарлаймыз, - деді "Қазақстан теміржолының" баспасөз хатшысы Жанат Ойшыбаева.

"Қазақстан теміржолының" сайтында компанияның қазіргі борышы 1,9 триллион теңге екені жазылған. Кейінгі бес жылда компанияны дамыту үшін мемлекеттен 171 миллиард теңге бөлінген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары