$ 510.08  539.61  5.15

Назарбаев зияткерлік мектептерінде форма мен таңғы ас берілмейтін болды

Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Келесі оқу жылынан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінде күнделікті және спорттық форма, сондай-ақ таңғы ас берілмейді. Бұл туралы "Назарбаев зияткерлік мектептері" автономды білім беру ұйымының басшысы Күләш Шәмшидинова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқушыларға күнделікті форма ғана емес, спорттық форма да беріледі. Оған қоса, таңғы және түскі ас бар. Сосын кешкі асқа дейін тағы бір рет жүрек жалғап алуға болады.
"Келесі жылдан бастап мектеп формасын және спорттық форманы бермейміз. Таңғы асты да алып тастаймыз. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар үшін осы жеңілдікті сақтап қалуға тырысамыз", - деді Шәмшидинова журналистерге берген сұхбатында.

Осы орайда ұйым басшысы Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі өзгерістерден саяси астар іздемеуді сұрады.
"Біз министрмен кездескен кезде былай келістік. Қазір республика бойынша мемлекет ешкімге мектеп формасын бермейді. Ата-аналар өздері сатып алады. Сондықтан біз де ешкімге бермейміз. Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Қазір зияткерлік мектептер аяғынан тұрды. Бастапқыда қолдау керек болған. Биыл бюжетті қарағанда жетім балалардан басқа бірде-бір мектепте форма бермейміз деді. Сондықтан біз де бермейміз", - деп атап өтті Шәмшидинова.

Оның айтуынша, биыл балаларды оқыту үшін республикалық бюджеттен 35 миллиард 442 миллион 750 мың теңге бөлінді. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінің қазіргі шығындары 40 миллиардтан асып отыр.
"Сонда 4 миллиард жетпей тұр. Бұның бәрі – мұғалімдердің жалақысы. Себебі барлық ақшаның 85 проценті жалақыға жұмсалады. Ал қалған 15 проценті – ол мектептің коммуналдық және тағы басқа шығындары. Қазір жанымыз шығып, демеушілердің есебінен күн баттареяларын қойып жатырмыз. Осының арқасында жазда энергияны жақсы үнемдеуге болады. 30 процентке дейін үнемделеді", - деп атап өтті Шәмшидинова.
"Назарбаев зияткерлік мектептері" автономды білім беру ұйымының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың басында барлық мектепте таңғы ас беру тоқтатылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары