АЭС тақырыбы турасында ойын ортаға салған энергетик маман Бекжан Әлімқұлов халықтың Үкіметке сенімі жоқтығын айтады. АҚШ-та жүрген сарапшы Үкімет жұмысын дұрыс атқара алмай отыр деп есептейді. Сарапшы бұл жөнінде Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында айтты.
«АЭС мәселесін шешу керек. Мәселен, халық Ресеймен салынатын АЭС-ке қарсы ма, әлде жалпы АЭС-ке қарсы ма? Соны бірінші түсініп алуымыз керек. Егер Ресей АЭС-іне қарсы десек, оның саяси тұрғыдан қарсылық білдіріп жатқанын түсінген жөн. Ресейдің қазір жасап жатқаны, Медведевтің «байқамай» хакерлерге сілтеп, пост жариялауы дау туғызады. Ресейді басқарып отырған адамдардың саяси көзқарасына қарасаңыздар, Ресеймен кез келген серіктестік шикілік ретінде қабылданады. Бүкіл әлем Ресейден бас тартып жатқан кезде Ресеймен серіктес болу бір жағынан ойландыратын мәселе», - дейді ол.
Сарапшы соңғы трендтерге қарасаңыз, халық Үкіметтің ешқандай бастамасын, реформасын қабылдап жатқан жоқ деп есептейді.
«Бәріне қарсылық білдіріп жатыр. Неліктен? Өйткені халық Үкіметке сенбейді. Үкіметтің жасаған көп дұрыс емес шешімдері дейік, жемқорлық болсын, нашар менеджмент болсын – бәрі жиналып... Халықтың әл-ауқатына қарасаңыз, Үкіметке сенімі жоқ. Мәселе АЭС-те емес, Үкіметке деген сенімде болып тұр», - деп ой қорытады ол.
Бекжан Әлімқұлов соңғы жарты жылда президент Конституцияға өзгеріс енгізгенін, Ұлттық құрылтай өткізгенін, Ақордада ауызашар бергенін еске ала келе осының бәрі де халықтың сенімін Үкіметке жинау деп түсінетінін айтады.
«Оны президент өз басы жақсы жасап келе жатыр. Дегенмен Үкімет жұмысын дұрыс атқара алмай жатқан секілді. Қанттың мәселесі, жер мәселесі, көптеген проблемада Үкімет әлі күнге дейін өз перформансын дұрыс көрсете алмай жатыр. Халық қазір президентке сенгенімен, Үкіметтің ісіне наразы. АЭС мәселесін көтермей тұрып, бірінші елдің саяси маңызды мәселелерін шешіп алуымыз керек. Халықтың сенімі керек. Халық сенімді болған кезде Үкіметтің жасап жатқан кез келген шешімін қолдаған кезде мәселе басқаша болады», - дейді ол.