$ 449.58  486.94  4.86

«Пара алушы да, беруші де үйінде жатыр»: Хаменованың парақшасында осындай жазба жарияланды

«Желіде «сотталсын!» деп жатқандар да жетерлік. Пікірлерге  көзің түсіп кетсе, жағаңды ұстайтындай жағдай...», - дейді ашынған автор.
фото: ашық дереккөзден
фото: ашық дереккөзден

БАҚ беттеріндегі соңғы басты жаңалықтардың бірі  Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың соты. Хаменованың сотынан кейін тараған әртүрлі ақпаратқа қатысты айыпталушының жеке парақшасында жазба тарады, деп хабарлайды Skifnews.

Жазбада журналистердің ішінде сот процесі туралы  халыққа нақты жеткізе алғандар мен аяғы тайып сүрініп кеткенін де сөз қылғандардың болғанын атап өтіпті. 

"Желіде “сотталсын!” деп жатқандар да жетерлік. Пікірлерге  көзің түсіп кетсе, жағаңды ұстайтындай жағдай.    Ақ жаулықты ана жасындағы апалар, ер деп сенім артар азаматтар да ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілеп, табалаудан аянып қалмаған екен…" дейді ашынған автор.

Жазбада пост авторы бір гәптің шетін шығарғандай. Тіпті, пара алушы мен берушінің үйлерінде жатқанын астарламай-ақ, ашық айтыпты. Сөзбе-сөз келтірейік:

"Журналистердің ішінде сот процесі туралы халыққа нақты жеткізе алғаны да бар, аяғы тайып сүрініп кеткені сынды көр-жерді сөз қылғаны да жоқ емес.

Желідегі жазбаларды жарыса бөлісіп, айызы қанғанша сыбап, “сотталсын!” деп жатқандар да жетерлік. Пікірлерге көзің түсіп кетсе, жағаңды ұстайтындай жағдай. Ақ жаулықты ана жасындағы апалар, ер деп сенім артар азаматтар да ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілеп, табалаудан аянып қалмаған екен…

Жә, налымадық аса, анамыз айтқандай, өресі төмен кейбіреулердің көп сөзі мен боқ сөзі тағдырды шешпейді. Аллаға шүкір, бауырымыздың адалдығына сеніп, қолдау көрсетіп сотқа келген, әлеуметтік желіде жылы сөзімен жылатып та, жұбатып та жатқан тілеулес ағайынның қарасы қалың.

Пара алушы да, параны беруші де бостандықта үйінде жатқанда, 8 ай бойы СИЗО-да сотты күтіп жатқан Б.Хаменованың “Әділдік жеңеді!” деген бір ауыз сөзін сан-саққа жүгіртіп, болжап жатқан да өз қазағымыз. Түсінбейтініміз - бұл істе ТҮК КІНӘСІ жоқ Б.Хаменова неге өзіне сенімді болмауы керек, неге әділдікке сенбеуі керек?!

Сырттан тон пішіп, ғайбаттың есігін ашпайық, ағайын!

Одан да істің ақ-қарасына, ақиқатқа көз жеткізгілеріңіз келсе, 11 тамызда ашық сотқа келіңіз.

Әйтпесе ғаламтордың алдында бір-бірімізді қажап, бал ашып, сәуегейлік құрып, күнәға батпайық!

Келіңіз!

Құлағыңызбен естіңіз, көзіңізбен көріңіз!

Р.S. Алланың қалауымен ӘДІЛДІК ЖЕҢІП, Б.Хаменова ақталып шықса, тағы да парамен шешті дейді біраз қазақ. Бізге дауа жоқ негізі…,- деп жазылған Бақытгүл Хаменованың атынан жарияланған жазбада. 

Еске салайық, облыс әкімінің орынбасары Б.Хаменованың соты 11 тамызда өтеді. Алғашқы сот отырысында айыпталушының айыптау актісімен таныспағаны белгілі болды. Сол себепті кейінге шегерілген болатын.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары