Түркістан облысының баспасөз қызметі көпбалалы отбасыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, облыста 6 мен 18 жас аралығындағы 52 660 бала аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатыр. Олардың бәріне мектеп формасы мен керек-жарақтар берілуі керек.
"(...) Қосымша қажеттілік - 1 857 600 мың теңге. Биыл бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Өз кезегінде бұл мәселе атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар ата-анасының наразылығын тудырып отыр", - делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз хабарламасында.
Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылы облыс бюджетінен аз қамтылған отбасылардан шыққан 7534 баланы материалдық қолдауға 265 миллион 762 мың теңге қарастырылған. Әр балаға 35 275 теңге болатын мектеп формасы қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Ата-аналар мемлекет беретін тегін мектеп формасынан жаппай бас тартып жатыр
"Қазіргі уақытта бұл мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен қажетті соманы бөлу қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық "Мектепке жол" акциясы өтеді. Науқанда халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды мектепке қажетті материалдық көмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, Түркістан облысында көпбалалы аналар "жергілікті билік балаларды тегін форма және оқу құралдарымен қамтамасыз етпесе, 1 қыркүйекте мектепке жібермейтінін" айтып ультиматум қойған болатын.