10.08.2022, 14:20

90 млн теңгенің бензинін Өзбекстанға заңсыз шығармақ болғандардың жолы кесілді

Фото: ашық дереккөзден
Көлемі – 280 тонна, құны – шамамен 90 миллион теңге болатын жанар май құйылған 5 вагон-цистерна ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында АИ-95 маркалы бензинді ел аумағынан заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті. Бұл турады ведомство өкілдері мәлім етті.

«Көлемі – 280 тонна, құны – шамамен 90 миллион теңге болатын жанар май құйылған 5 вагон-цистерна ұсталды. Оларды жанар май қоспасы деген желеумен Өзбекстанға алып кетпек болған.

Мамандардың қорытындысына сәйкес, теміржол цистерналарынан алынған сынамалар К-4 экологиялық класындағы АИ-95 бензині болып шықты.

Белгілі болғандай, келісім шарт бойынша шетел компаниясының пайдасына елден жалпы сомасы 45 миллион долларға 50 мың тонна экспорттау жоспарланған», - делінген ресми хабарламада.

Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.