Көптеген жылдар мемлекеттік қызметте болған, оның ішінде басшылық қызметте жұмыс істеген мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев қазір немен айналысып жүргенін және алдағы жоспарлары жайлы «Желмая» жобасында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік қызметте 45 жылдай жұмыс істеген Бердібек Сапарбаевтың зейнетке шыққанына үш айдың жүзі болды. Сұхбат барысында қоғам қайраткері демалысын қалай өткізіп жатқаны туралы айтып берді.
"45 жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істедім, оның 30 жылдан астамы билік саласында екен. Қызметтен кеткен үш айда 40 жылда істемеген жұмыстарды атқардым десем болады. Әсіресе балаларым, немере, ағайын, туысқан, достарға бардым. Әр азамат өзіне ұнайтын жұмыспен айналысуы керек. Сол кезде адам тоқ болады, оның болашағы бар әрі бақытты болады. Қанша жыл жұмыс істегенде шамам келгенше халықтың сенімінен шығып, жағдайын жақсартуға тырыстым. Әр нәрсенің өз бастауы мен аяқталуы болады. Одан кейін әр нәрсені уақытында аяқтау керек, мен де солай жасадым. Еңбек еткен бес өңірде жаман жұмыс істемеген сияқтымын", - деді ол.
Зейнетке шығып, үйде отырып қалған адам тез қартаяды деген ол, алдағы уақытта кітап жазып, естелік қалдырғысы келетінін жеткізді.
"Адам болған соң өмір қызметпен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Бастысы ойлау қабілетімді тоқтатпауым керек, зейнетке шықтым екен деп үйде отырып қалуға болмайды. Адам үйде отырып қалса – тез қартаяды. Бұған дейін жинаған архивтерім бар, алдағы уақытта кітап жазу ойда бар. Қай өңірде жұмыс істесем де, не істегенімді жазып жүретін әдетім бар. Кіммен кездестім, қай жерге барғанымды күнделік ретінде жазып жүретінмін. Қазір соның барлығын топтастырып, қарап жазып шығуым керек. Өйткені артымнан қандай да бір естелік қалу керек", - дейді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметтегі көп жылдар бойы жинаған тәжірибесін жастармен бөліскісі келетінін айтты. Оның ішінде ЖОО-ғы студенттерге дәріс оқу жағын қарастырып жатыр екен.