$ 447.4  477.55  4.76

Батыс Қазақстанда бір адам жем тартатын машинаға түсіп көз жұмды

Жазатайым оқиғалардың себебі еңбектің қауіпсіз тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, жұмысты нашар ұйымдастыру, зардап шегушінің өрескел салғырттығы және ақаулы машиналар, механизмдер мен жабдықтарды пайдалану болып отыр.

2022 жылдың жеті айында облыста осы өндіріске байланысты 33 қайғылы оқиға тіркелген. БҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжановтың айтуынша, барлығы 39 адам зардап шеккен. Оның 20-сы ауыр жарақат алса, 9 адам топтық жазатайым оқиғадан зардап шегіп, 10 адам қаза тапқан.

«Бұл саладағы жазатайым оқиғалардың себебі еңбектің қауіпсіз тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, жұмысты нашар ұйымдастыру, зардап шегушінің өрескел салғырттығы және ақаулы машиналар, механизмдер мен жабдықтарды пайдалану болып отыр. Бюджеттік ұйымдардың үш қызметкері қаза тапты, онда жазатайым оқиғалар қозғалатын, айналатын заттар мен бөлшектердің әсерінен болды», - деп атап өтті Асылұлан Досжанов.

Ауыл шаруашылығы саласында екі жұмысшы қаза тапты. Бір жұмысшы өзінің жұмыс аумағынан кетіп, белгісіз жағдайда жұмыс істеп тұрған жем тартатын машинаға түсіп кеткен. Тағы бір жағдайда, жұмысшы әйел белгісіз себеппен цехтың тиеу аймағына өтіп кеткен. Оны артқа шегініп келе жатқан трактор жүргізушісі басып кетті.

А.Досжанов жұмыс берушілер қызметкерлерді қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытпайтынын, нұсқамайтынын, білімін тексермейтінін атап өтті. Ал кейбіреулері жазатайым оқиғаларды жасырып та жатады.

ҚазАқпарат

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары