$ 447.4  477.55  4.76

«Баламды емдеуге күшім қалмай барады»: Аутист ұлдың анасы жанайқайын айтты

Қостанай облысында үйінен қашып кеткен бес жасар Мәдинаның қаза болғанын естіген Ақлима уайымы еселене түскенін жасырмайды.
Фото: nur.kz
Фото: nur.kz

Қостанай облысында аутизимге шалдыққан Мәдина Ерланқызының қазасы барша елді дүрліктірді. Бұл жағдай ерекше бала тәрбиелеп отырған Ақлима Тұмановаға да оңай тиген жоқ. Бар өмірін жеті жасар ұлының тілін шығарып, қатарға қосуға арнап жатқан ана өзінің жанайқайын айтып, сұхбат берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Ерасыл өмірге келгенде гипоксиямен туылған. Анасының айтуынша, баланың миына ауа жетпей тұрғанын ешбір дәрігер айтпаған әрі міндетті екпе саларда да мұны ешкім ескертпеген. Осылайша, Ерасылдың жасы төртке таяғанда анасы оның басқа балалардан ерекше екенін байқайды.

"Ұлымның неліктен сөйлемей жүргені мені қатты алаңдататын. Бірақ отбасымдағы адамдар өсе келе тілінің шығатынын айтып, оны дәрігерлерге көрсетуіме қарсы болды. Бізге сол кездері кездескен мамандар да ер баланың тілі кеш шығатынын айтып, шығарып салатын. Өкініштісі сол, осылай уақыт жоғалтып алдым. Қазір уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр. Ерасыл сөйлемейді, айтқан сөзді түсінбейді, неше түрлі дыбыстар шығарады. Одан бөлек, бірнеше рет талмасы ұстады. Ұлымды талай жерге апардым, ендігі үміт - бағаналы жасушаларды ауыстыру отасында болып тұр. Аутизм диганозы бар балаларға бағаналы жасушаларды ауыстырып салу біраз көмектесені анықталды. Сол отаға Ерасылды апаруды мақсат еттім, бірақ ақша жеткізер емес. Отбасымда күйеуім ғана ақша табады, ол бәрімізге жетпейді. Себебі, Ерасылдың емі үлкен қаражатты талап етеді", - дейді ол. 

Қостанай облысында үйінен қашып кеткен бес жасар Мәдинаның қаза болғанын естіген Ақлима уайымы еселене түскенін жасырмайды.

"Елімізде ерекше балаларға жағдай жасалмаған. Қоғам менің ұлымды қабылдамайды. Ерасыл ойын алаңына барса, ата-аналар қуып шығады. Өзі қатарлы балалар оның сөйлемейтінін пайдаланып, әлімжеттік жасайды. Мен Ерасыл қашып кетпеу үшін оның қолынан бір сәт те жібермеймін. Таппай қалуым мүмкін. Логопед, сенсорлы моторика, бейімделген дене шынықтыру секілді қосымша жұмыстар қыруар ақша сұрайды. Баланы дамытуға арналған орталықтар да өте қымбат. Кешегі Мәдинаның қазасынан соң уайымым еселене түсті. Себебі мен де дәл сондай баланы бағып отырмын. Ерасылдың сәл де болса қатарға қосылғанын қалаймын. Біздің отаға баруымызға көмектесіңіздерші. Қазір баламды емдетуге күшім де қалмай барады. Маған сіздердің қолдауларыңыз аса қажет", - дейді Ақлима Тұманова.

Ерасылдың еміне көмектесем деушілер үшін реквизиттер:

Kaspi Bank 4400430154244773; +7 707 882 42 26 Аклима.Т; 

Halyk Bank 4405639736395615 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары