$ 494.87  520.65  4.91

«Имамдар қыз балаға білім керек емес дегенді уағыздайды» – әлеуметтанушы

Ол жерде мемлекеттің зайырлылық ұстанымына қарсы нәрселер өте көп.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында әлеуметтік зерттеу қорытындысымен бөлісті. Оның айтуынша, желіде мешіт имамдарының мемлекеттің конституциялық принциптеріне қарамай-қайшы уағыздары қаптап жүр.

– Имамдардың Youtube-тағы уағыздарын тыңдасаңыз, шошисыз айтып жатқан нәрселерінен. Ол жерде мемлекеттің зайырлылық ұстанымына қарсы нәрселер өте көп. Ашық түрде мемлекетке ешкім сын айтпайды. Бірақ зайырлылықтың бір белгісі – адам құқықтары, әйел адамдардың құқықтарының сақталуы. Ал бізде көп имамдарды тыңдасаңыз, «көп әйел алған дұрыс», «қыз балаларға білім алу керек емес», «жалпы біздің қоғамды жақсартатын ислам діні ғана» деген сияқты кертартпа ойлар өте көп,  дейді әлеуметтанушы.

Бұл ретте ғалым бұндай келеңсіздіктің парадокс екенін айтады. Мемлекет мешіттерді қанша бақылағысы келсе де әр молданың не айтып жатқанын бағып отыруға қауқарсыз. Серік Бейсембаев бұл тұста халықтың сұранысы да маңызды рөл атқарады деп отыр.

– Олар өзінің жамағатына сәйкес уағыз айтады. Егер оның жамағаты консервативті, патриархалды болса, соның ығына жығылып, олардың естігісі келетін уағызын айтатын болады. Мемлекет қалап отырған прогресс, білім алу деген сияқты дүниелерді емес, кертартпа ұғымдардың таралуына ықпал етіп жатыр,  дейді сарапшы.

Сондай-ақ әлеуметтанушы бұндай жағдайдың орын алуының себебін мемлекеттің исламға көп араласуы дін ұстаздарының өзара бәсекелестігінің жойылуына алып келгенімен түсіндіреді. Яғни олар біліктілігіне, беделіне қарап емес, саяси жүйені қолдай ма, қолдамай ма деген ұстаныммен қызметке тағайындалатын болды. Имамның халыққа сөзі өтпейді. Себебі жамағат оны рухани лидер ретінде емес, бюрократ, шенеунік ретінде қабылдайды екен.

Серік Бейсембаевтың пікірінше, мемлекет енді саясатта, экономикада және дін мәселесінде барлығын бақылап отырамын деген ескі ұстанымын өзгертуге тиіс.

2011 жылдан бері мемлекеттің ұстанымы дін саласын мейлінше бақылау, басқару болды. Оған сәйкес заң қабылдады, ұйымдар құрды, қаржы бөлді деген сияқты. Бірақ, бір қызығы, мемлекеттің осы дін саясаты радикалданудың алдын алудың орнына керісінше радикалдануға көп итермелеген сияқты.

– Дін деген адамның ішкі эмоциясы, жан дүниесімен байланысты. Мемлекет осылай шектеу қойған кезде оған қарсылық пайда болады. Мемлекеттің қай имамның уағызын тыңдап, кімнің уағызын тыңдауға болмайтынын реттеп тастауы адамдардың наразылығын өршітті. Сосын дін саясаты діннің атрибуттарымен күреске айналып кетті. Сақалы барды, хиджап кигенді сәлафиттер деді, басқа деді,  деді әлеуметтанушы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#имам #дін