$ 498.34  519.72  4.85

Елордада құны 46 млн доллар болатын зауыт салынады

Жоба шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Үкімет басшысы "Астана Технополис" АЭА аумағындағы "YDA Industrial Park" көпбейінді зауытының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын медициналық жабдықтар, медициналық және кеңсе жиһаздарын, модульдік құрама құрылыстар, сондай-ақ қасбеттер, витраждар, терезелер мен есіктер өндіру бойынша интеграцияланған кешен болып табылады. Зауыт өнімдері тек ішкі нарыққа ғана емес, көрші елдерге де экспортталатын болады. Жалпы құны 46 млн доллардан асатын жоба шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Премьер-министр зауытты іске қосу қазіргі кезде шетелден әкелінетін өнім импортын алмастыруға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

"Елімізде кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз етуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Біз инвесторлардың келуін әрдайым қолдаймыз. Бұл жоба – Қазақстанда тиімді жұмыс істеп, көрші аймақтардың нарықтарына шығуға болатындығының дәлелі", — деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде "YDA Group" басқарма төрағасы Хусейн Арслан бес кәсіпорынның төртеуі Қазақстанда алғаш рет ашылатынын атап өтті.

"Қазақстандық тарапқа белсенді қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Біз тиісті министрлікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз, сондықтан өзімізге сенімдіміз", — деді Хусейн Арслан.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары