Студенттерге баға қою кезінде оның академиялық білімімен бірге әлеуметтік және зерттеу белсенділігін ескеретін пилоттық жоба қолға алынады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Еңбек нарығын жоғары білім деңгейінде тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету және оларды мобильді даярлау үшін қолданбалы бакалавриат моделі енгізілді. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 8 жоғары оқу орнының базасында жаңа бағдарламалар іске қосылады.
Сондай-ақ, 4 жоғары оқу орнының базасында пилоттық режимде студенттердің әлеуметтік және зерттеу белсенділігін ескеретін білім алушыларды бағалаудың жаңа моделі, яғни интегралдық GPA пилоттық жобасын бастап жатырмыз. Енді студенттерді бағалау кезінде тек академиялық көрсеткіштер емес, зерттеулерге, волонтерлік, дебаттық қозғалыстарға қатысуы да ескеріледі», - деді министр.
Тағы оқыңыз: Асхат Аймағамбетов ұлына мектеп формасын қанша теңгеге алғанын айтты
Оның айтуынша, тамыздың соңында жоғары білім беру саласының өкілдері дербес Тамыз конференциясын өткізбек.
«Төртіншіден, жоғары оқу орындары академиялық процеске дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты аяқтады. Ректорлармен үш үлкен кездесу өткіздік. Білім беру бағдарламаларын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, кестені бекіту, педагогикалық жүктемені анықтау, оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету жұмыстары атқарылды.
24-25 тамызда Тамыз конференциясын өткіземіз. Форум аясында форсайт-сессиялар мен бірқатар семинарлар ұйымдастырылады», - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін ЖОО практик-мамандар мен топ-менеджерлерді студенттер мен магистранттардың дипломдық және зерттеу жұмыстарына жетекшілік етуге тарта алатыны айтылды.