16.08.2022, 16:40

Нұр-Сұлтанда көліктерді заңсыз тіркеуден өткізу схемасы әшкереленді

Тергеу барысында Нұр-Сұлтан қаласының №2 Арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығының маманының қатысы бар екені анықталды.

Арнайы ХҚКО қызметкерлері мен полиция қызметкерлері автокөліктерді тіркеу кезінде заңсыз баю схемасын пайдаланған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлімдеді.

"Тергеу барысында Нұр-Сұлтан қаласының №2 Арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Т.-ның және Алматы облысы бойынша ДПП Процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторының заңсыз әрекеттерге қатысы бар екені анықталды.

Аталған тұлғалар жүйелі негізде көлік құралдарын, оның ішінде шет мемлекеттерден әкелінген көлік құралдарын кәдеге жарату төлемін және бюджетке көзделген басқа да төлемдерді төлемей, жүйелі түрде ақшалай сыйақыға заңсыз тіркеген", - делінген хабарламада.

Биыл 14 тамызда тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Тергеудің осы кезеңінде республика бойынша көлік құралдарын заңсыз тіркеудің 500-ге жуық дерегі анықталып, осыған байланысты Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің және басқа өңірлерден полиция қызметкерлерінің қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғаларға құқықтық баға беріледі.

 

Тегтер: заңсыздық