Қазақстандық бизнесмен Ақжол Талғатұлы әйелдерді жұмыс істеуден босату керек деген ойы үшін сынға ұшыраған, деп хабарлайды Экспресс К.
Кәсіпкер қоғамда дау тудырған көзқарасын өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялаған болатын. Ол компаниясында жұмыс істейтін 22 адамның 17-сін шығарып жіберген екен. Себеп — олардың бәрі әйелдер болған. Бизнесмен мал табумен тек еркектер айналысуы тиіс деп санайды екен. Кейіннен ол жазбасын өшіріп тастапты. Алайда, видео ғаламтор желісінде таралып үлгерген.
Бизнесменнің ойын белгілі адвокат Жанна Мухамади сынға алды. Ол Facebook-тағы парақшасында "Бұл әйелдердің конституциялық құқығын аяқ асты ету" деген пікір айтқан. Қорғаушы жұмыстан шығарылған 17 әйелді тауып алып, кәсіпкерді сотқа бергісі келетінін жазған.
– Ауғанстанда әйелдерге білім алу мен жұмыс істеуге тыйым салынған. Бұл тыйымға қарсыларға оқ атады. Біздегі кәсіпкер де әйелдерді жұмыстан шығарған. Ұқсастық бар ғой. Ең масқарасы бизнесмен басқаларды да осылай істеуге шақырған, — дейді Жанна Мухамади.
Жаннаның жазбасының астына пікір қалдырғандар қорғаушының ойымен келісетінін жеткізіпті. Жұртшылық бизнесменді мұндай әрекеті үшін жауапқа тарту керек деп есептейді. Дегенмен, Ақжол Талғатұлының айтқандарымен келіскендер де кездескен.