19.08.2022, 14:20

Ақтаулық сарбаз үйіне табытпен оралды

2003 жылы туған сарбаздың денесін әскерилер кеше ата-анасына табыстаған.

Атырау облысындағы 20/16 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатқан ақтаулық сарбаз Нұрбек Ерғалиев үйіне табытпен оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

2003 жылы туған сарбаздың денесін  әскерилер кеше ата-анасына табыстаған. Әскери борышын аяқтауға бір ай ғана қалған сарбаз әскери міндетін орындау барысында мерт болған.

Оқиға әскери бөлімнен 80 шақырымда тіркелген. Әскери тапсырманы орындауға аттанған 5 адамның ішінде Нұрбек Ерғалиев те болған. Жолда олар отырған көлік бұзылып, 3 сарбаз автокөлікте қалып, Нұрбек пен командирі көмек сұрауға жолға шыққан.

"Жолда Нұрбек қатты әлсіреп, көз жұмады. Ал командирі жолға дейін жетіп, көмек күтіп жатқан. Көлікте 7 литр су бар екен.  Барлығы бірге неге көлікте көмек күтпеді? Бір түсінбейтін жайт, 15 тамызда біздің бала сарбаздардың whatsapp чатынан шығып кеткен. "Әскери бөлімге кешіккен соң, көмекті күндіз сағат 12-де жібердік. Марқұмның денесі кешке, сағат 18 шамасында табылды" деп түсіндірді бізге. Көмек неге кеш көрсетілді?", – дейді марқұмның туыстары.

Сарбаздың ата-анасы баласының қапияда қаза болғанына әскерилерді кінәлайды. Сондықтан да мәйітке сараптама тағайындауды талап етуде.

 

Тегтер: сарбаз Ақтау