23.08.2022, 10:00

«Бидай бағасының өсуі әлеуметтік нан бағасына әсер еткен жоқ» - Қарашөкеев

Фото: ашық дереккөзден
Министр Азық-түлік корпорациясынан азық-түлік алуға 80 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Биыл 1,1 млн тонна өнімді сатып аламыз деп келісімшартқа қол қойдық. Оның ішінде 900 мың тонна бидай, 110 мың тонна арпа бар. Бағаны 15 қыркүйекте жариялаймыз деп жоспарлап отырмыз. Себебі 15 қыркүйекке дейін бізде және басқа елде түсім болжамы түпкілікті айқын болады. Сол себепті біз фермерлерге объективті бағаны ұсынамыз деп ойлаймын, – деді ол.

Қарашөкеев Азық-түлік корпорациясынан  азық-түлік алуға 80 млрд теңге бөлінгенін айтты.

– Биыл Азық-түлік корпорациясы мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды. Соның арқасында Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 1 137,3 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалды, ол үшін 80 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте Азық-түлік корпорациясында 362,8 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберіледі, – деді министр.

Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясының ресурстары әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыруды жүзеге асырды.

– Ұн тарту кәсіпорындарына өңірлердің өтінімдері бойынша жоспарланған көлем 256,8 мың тонна болса, 204,9 мың тонна тиеп-жөнелтілді. Көріп отырғанымыздай, бидай бағасының өсуі әлеуметтік нан бағасына әсер еткен жоқ, – деді ол.