23.08.2022, 14:40

Ақтөбе халқы түтінге тұншығып отыр

Фото: ашық дереккөз
Қалалық полигонның өртеніп жатқанына жарты ай болды.

Өрт салдарынан шаһарды қою түтін басты. Әсіресе, қаланың Шанхай, Тұрғындар қалашығы, Батыс-2 аудандарында тұратындарға қиын болып тұр, деп жазады inbusiness.kz.

Экологтардың есебінше, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынның бықсып жатқанына жарты айға жуықтап қалған. Өрт сөндірушілер өрт шыққан аумақты сөндіргенімен, қайта-қайта тұтанып, бықсуын тоқтатар емес. Өткен тәулікте тағы да өртенді. Аумағы – 800 шаршы метр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқиға орнында жүр.

"Табыс-Ақтөбе" ЖШС-ға тиесілі қалалық полигон 60 га аумақты алып жатыр. 

Компания өкілдерінің айтуынша, өртті сөндіруге барлық техниканы жұмылдырыпты. Осы кезге дейін "Табыс Ақтөбе" ЖШС-ға 1 ескерту, 10 әкімшілік айыппұл салынды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 500 мың теңге шамасында. 

"Өрт сөнді, қазір тек түтіндеп бықсып жатыр. Өртті толық сөндіру үшін құм сеуіп жатырмыз. Алдағы уақытта полигон аумағын үлкейтіп, жаңасын салу мәселесі шешіліп жатыр", –дейді "Табыс- Ақтөбе" ЖШС директорының міндетін атқарушы Асанәлі Хайдаров.

Экологтар болса, санитарлық бақылау аймағынан сынама алыпты. 

"Өрттің басталып, сөніп, бықсып жатқанына 16 күн болды. Соның бес күнінде өрт боды. Енді нақты сынамаға келсек, әр аумақта көрсеткіш әрқилы. Бір жерде ауытқушылық болса, біреуінде байқалмады. Нақты 12 тамыз күні алынған сынамалардарда көміртегі оксидінің шамадан тыс екі есеге артқаны белгілі болды. Қазір біз департамент тарапынан өкілетті органға тиісті "Табыс-Ақтөбе" ЖШС-ға жоспардан тыс жұмыстар жүргізу үшін құжаттар жібердік. Ауаның ластануына қандай шара қолдану керек дегенге келсек, заң бұзушылықты жою туралы нұсқама береміз. Қалалық полигон барлық қалдықтарды қабылдайды. Оның арасында тұрмыстық, биологиялық, бәрі бар. Бөлек-бөлек сұрыптамайды. Өрт шығуының бірден-бір себебі сол. Өрт болдырумау үшін оны жауып, жаңасын пайдалануға беру керек", – дейді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы міндетін атқарушы Марат Кәрібаев. 

Экобелсенді Евгений Лазарчук нысан басында бақылау дұрыс жолға қойылуға тиіс екенін алға тартып отыр. Табиғат жанашырлары полигон басына барып, жағдайды бақылаған. 

"Кеше қатты өртенді. Бұған дейін де бықсып жатқан болатын. Полигонда жаңадан тұтанған жерді дер кезінде байқап, сөндіріп тұратын адам жетіспейді. Бір жағынан аумақтың өзі толық қоршалмаған. Кіреберісі ғана бар. Тиісті бақылау жоқ. Ол полигонда  химикат заттар да, бәрі де болуы мүмкін. Сондықтан тұрмыстық қалдықты төгуге келген көлікті арнайы тексеретін сканнер ме, арнайы құрылғы болуы керек. Үсті-үстіне төккен қоқыс бірнеше қабат болып жиналып қалған. Оның арасына топырақ сеуіп отырмағасын, метан бөлініп, сол өртенуге себеп болып тұр. Бұл проблеманың бірден-бір шешімі – қоқыс өңдейтін зауыт салу, қалдықты сұрыптап қабылдап алып, соны өңдеу керек. Ол бір жағынан экологияға пайдалы, әрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына да септігін тигізеді", – дейді, Евгений Лазарчук.