Рудный тұрғыны екі елдің азаматтығын алғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлады Polisia.kz.
56 жастағы әйел 10 жылдан астам уақыт көші-қон саласындағы заңнаманы бұзып келген. Қос азаматтық үшін енді ол 600 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тиіс.
"Қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бүгінгі күні өзекті болып отыр. Қостанай облысының аумағында көптеген факті анықталуда. Рудный қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты 10 жылдан астам Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының азаматтығы бар 56 жастағы әйелді жауапқа тартты. Енді ол 612 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге тиіс", – деп түсіндірді Қостанай облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Ринат Сыздықов.
Қазақстанда және сонымен бір мезгілде шет мемлекеттің аумағында зейнетақы төлемдерін алатын адамдарды анықтау жұмыстары Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтармен, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Айта кетері, осы жылдың жеті айында 39 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 7-уі елден шығарылды, оларға 5 жыл ішінде Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды.