ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 1 қыркүйек күні өтетін алғашқы қоңырау шарасын ұйымдастырудың тәртібі туралы түсіндірме таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қыркүйектің бірінші күні білім беру ұйымдарында білім күніне арналған салтанатты жиын өтеді.
Өңірлік білім басқармалары жаңа 2022-2023 оқу жылын жариялайтын іс-шараның жоғары идеялық-құндылық мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында қажетті іс-қимылдарды үйлестіреді», -деп жазылған мәліметте.
Сондай-ақ салтанатты жиын өткізу кезінде бірқатар мерекелік рәсім өткізуге рұқсат етілмейтіні айтылған.
«Салтанатты жиынды өткізу түрін, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары дербес айқындайды. Аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға; мерекелік дастархандар жаюға; мектеп ғимараты мен аумағын шарлармен безендіруге рұқсат етілмейді.
Мемлекеттік туды алып шығу және гимнді орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртібіне сәйкес жүргізіледі», - деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік БАҚ-та тараған кейбір мәліметтер туралы да түсініктеме берді.
«Балаларға экологиялық тәрбие беру, қоршаған ортаны ластамау, табиғат пен жануарларға қамқор болу мақсатында салтанатты жиын кезінде шарлар мен көгершіндерді пайдалану ұсынылмайды», - деп жазылған ресми мәліметте.
Бұған дейін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2022-2023 жылғы оқу жылында білім беру үрдісін ұйымдастыру тәртібін белгілейтін әдістемелік-нұсқау хаттың мәтінін жариялаған болатын. Аталған құжатта мектеп ішіндегі салтанатты жиындарға шар мен көрершін ұшыру сияқты атрибутикаларды қолданбау ұсынылған.