$ 494.87  520.65  4.91

«Нақты қай кітаптан оқығаным есімде жоқ»: Абдулахад Сманов жұмақтағы хор қыздары туралы уағызына түсінік берді

Сманов бұл уағыздың көпшіліктің сынына қайта-қайта түсу себебіне тоқталды. Сонымен қоса ол қазақстандықтардың діни білімін қалай бағалайтынын айтты.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Бұған дейін Абдулахад Смановтың «пейіштегі хор қыздары» туралы айтқан уағызы көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Абдулахад – Қазақстандағы әйгілі уағызшылардың бірі, 2020 жылы пандемия кезінде дүниеден озған Әбдіғаппар Смановтың інісінің ұлы. Бүгінде ол ҚМДБ жанындағы «Талаба» студенттер қауымдастығының Сауд Арабия Корольдігі бойынша өкілі қызметін атқарады. Смановтың 2017 жылы айтқан уағызына түсінік берген ҚМДБ мұны негізі жоқ «хадиске» сүйеніп айтқанын мәлімдеген. Stan.kz тілшісімен тілдескен Абдулахад Сманов бұл уағызды неге сүйеніп айтқанын сондай-ақ оны айтудағы мақсаты туралы айтты.

Талқыға түскен уағыздың тарихы

ҚМДБ-ның ресми таратқан мәлімдемесіне сүйенсек, Абдулахад бұл уағызды студент болып тұрған шағында, 2017 жылдың 22 маусымында айтқан. Ал 2018 жылдың шілдесінде қателігін мойындап, сахих емес (шындыққа жанаспайтын) «хадист» айтып, қоғамда түсінбеушілік тудырғаны үшін Сманов жамағаттан, жалпы тыңдаушылардан кешірім сұраған.

Алайда 2017 жылы айтылып, сол уақытта сынға ұшыраған уағыздың араға жылдар салып, көпшіліктің талқысына қайта түсуі кездейсоқ емес секілді.

Тағы оқыңыз: «4900 хор қызы»: ҚМДБ Смановтың атышулы уағызына қатысты мәлімдеме жасады

Сонымен Смановтың «хор қыздары» туралы уағызы жұртқа не себепті жақпады? Алдымен насихаттың өзіне тоқталайық. Абдулахад уағызында жәннатта әрбір еркекке кіршіксіз, пәк қыздардың берілетінін айтады.

«Алла тағала жәннаттағы қыздарды сипаттап тұрып айтады. «Оларға адам да, жын да жоламаған» дейді. Олардың түсіне жамандық кірмеген. Олар жаман түс көрмеген. Сондай пәк қыздар беріледі, дейді. Хор қыздары жайлы хадистерде келтіріледі. Кімде-кім әйелімен жұмаққа кіретін болса, оған әйелімен қоса 70 хор қызы беріледі, дейді. Әйеліңізді қосқанда 71 хор қызы болады. Өзіңіздің жеке 2 хор қызыңыз болады. Сонымен қосқанда 73 әйеліңіз болады. Әр хор қызының 70-тен аса қызметшісі болады. Яғни 1 әйеліңізбен жәннатқа кірсеңіз, 4900 әйеліңіз болады», – дейді Сманов сынға түскен уағызында.

Абдулахад сонымен қатар жәннаттағы хор қыздарының санын айтып отырып былай дейді.

«Сол кезде екі-үш әйел алмағандар бармақтарын шайнайды екен. Әттең-ай, менде 4900-ақ, пәленшеде 10 мың пәленше боп кетті деп», –  деп жалғайды ол.

Уағызының соңында мұның хадис екенін баса айтқан Сманов жәннатта әр ер адамға 100 еркектің тамағын жей алатындай, 100 еркектің суын ішетіндей және 100 еркектің еркектің күші беріленін айтады.

Смановтың жауабы

Абдулахад Сманов бұл уағызда айтқан хадисті нақты қай кітаптан оқығаны есінде жоқ екенін айтады.

«Мейірімді және рақымды Алланың атымен бастаймын. Кісі бір тақырыпта уағыз-насихат айтатын болса, қаншадан-қанша кітаптар оқып, біраз мәліметтерді көңіл таразысынан өткізеді. Нақты қай кітаптан оқығаным есімде жоқ екен. Ал не мақсатта айтылғанына келсек, оны жеке-дара айтқан жоқпын ғой, жәннат және оның ішіндегі нығметтерді суреттеп жатып, сөз арасында оқылған мәліметтің айтылуы болды», - дейді Сманов. Айта кетейік, ҚМДБ-ның ресми жауабында Абдулахад Смановтың діни сенімі ҚМДБ ұстанымына қайшы келмейтінін жеткізген.

Сманов бұл уағыздың көпшіліктің сынына қайта-қайта түсу себебіне тоқталды. Сонымен қоса ол қазақстандықтардың діни білімін қалай бағалайтынын айтты.

«Енді, біреудің ниеті жайлы әңгіме айтудан аулақпыз. Ал елдегі діни білімге келсек, діни білім өркендеу үстінде. Егер осы бағыттағы игі істер жалғасын таба берсе, жақын он жылдықта ел жастары шет елдерге емес, керісінше, шет елдердің азаматтары біздің Қазақстанға келіп тәлім алатын болады. Оған, бар мұсылмандарды бір шаңырақтың астына жинап отырған, біздің ҚМДБ- ның потенциялы толық жетеді. Мен оған сенемін», –  деп жалғады ол.

Абдулахад Смановтың ҚМДБ жанындағы «Талаба» студенттер қауымдастығының Сауд Арабия Корольдігі бойынша өкілі екені жоғарыда айтылды. Ол жақтағы жұмысы туралы Смановтың өзі кеңінен айтты.

«Шет елдерде білім алып жатқан студенттермен байланыс орнату мақсатында құрылған «Талаба» студенттер қауымдастығы елдің тыныштығын, халықтың арасындағы мемлекетшілдікті, Исламның дәстүрлі бағытын, ата-анаға қызмет ету сынды игі-жақсы істерді шетелдерде оқып жатқан студенттердің арасында насихаттап, студенттердің жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін барын салады. Біз де, елдің ынтымағы, мемлекеттің тұрақтылығы, мұсылмандардың өз ата-бабалары ұстанып келген дәстүрлі және байсалды Исламды насихаттау ісіне белшеніп қызмет етіп жүрген жайымыз бар. Осы мақсатта барымды саламын», – деп түсіндіреді ол.

Смановтар әулеті мен Қайрат Сатыбалдының байланысы

Ақпарат беттерінде Смановтар әулеті мен қазір түрмеде отырған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының байланысы туралы айтылып жатады. Жақында "Нурсултанский соловей" Telegram-арнасы олардың байланысы туралы тың ақпарат жариялаған.

Арна мәліметіне сүйенсек, Абдулахад Сманов ұзақ жылдар бойы Сатыбалды мен Болат Назарбаев билеген салафиттік қозғалыстың кезекті тәрбиеленушісі.

"Сманов пен Сатыбалды арасындағы байланыс бұрынғы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Сатыбалды Әбішұлы атындағы алып ислам орталығы мен Сарыағаштағы жаңа мешіттің ашылуында сөйлеген сөзінде анықталды. Сол кезде Смановтар әулетіне "еліміздің діни ағартуына қосқан үлесі үшін" жеке алғыс білдірді. Мешіттің ашылу салтанатына Ресейден — Шешен Республикасы Басшысының кеңесшісі Амруддин Эдильгерев, Түркиядан-Неджметтин Ердоған Билал, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Әлімов, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомушев, бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, алғашқы наиб мүфти, Нұр-сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы және басқа да дін қайраткерлері, Қазақстан ақсақалдары мен қоғам мүшелері қатысты", – делінген мәліметте.

Ал Сарыағаштағы ислам орталығы Сатыбалдының қолдауымен ашылған және 1981 жылы жол апатынан қайтыс болған әкесінің есімімен атаған.

"Мұны өрескел қате ақпарат дер едім. Бұл медресе сонау Кеңес Одағының кезінде, дәлірек айтқанда 1986 жылы талапкерлерге есігін айқара ашты. Алғашқыда, Пайғамбарымыздың (с.а.с) ең үлкен қари сахабаларының бірі, "Убай бин Кағбтің" (р.а) атымен аталып ашылды. 1995 жылы сол кездегі бас муфти, Ратбек қажы Нысанбай ұлы хәзіреттің ресми ашылу салтанатына қатысқандағы видеолары ютуб әлеуметтік желісінде бар, қарап көрсеңіз болады. Сосын, 2010 жылы медерсе ҚМДБ-ға қайта тіркеуден өтіп, аты өздеріңіз білетін "Сарыағаш" медресесі деп ребрендинг жасалды. Ол іс шараға сол кездегі бас муфти Абсаттар қажы Дербісәлі хәзіреттің өзі қатысты. 2016 жылы "Сарыағаш" медресесі білім және ғылым министрлігінен тіркеуден өтіп, колледж деңгейін алды", – дейді ол.

Смановтың сөзінше, Қайрат Сатыбалды "Сарыағаш" медресе колледжінің жанынан зәулім мешіт салуға негізгі демеушілік жасаған.

"Ал Қайрат Сатыбалды ағаға келсек, ол кісі "Сарыағаш" медресе колледжінің қасынан сәулеті келіскен, зәулім мешіт салуға негізгі демеушілік жасаған азамат болып, сол салынған мешіт 2019 жылы ел игілігіне табысталғанда, ол кісінің әкесінің атымен аталған. Мешіт салынып біте сала, аумағы-жерімен қоса ҚМДБ-ның балансына өткізіліп, әділет министірлігінен тіркеуден өткізілген. Бүгінгі таңда, ол мешіт ҚМДБ- ға қарасты мешіт ретінде, "Сатыбалды Әбішұлы" атындағы мешіт болып өз қызметін атқарып келеді", – деп түйіндеді Абдулахад Сманов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары