$ 448.89  477.93  4.76

«Ресейдің 9 дивизия басып кіруге дайын тұр» - Тоқтар Әубәкіров қаңтарда не жасырып қалды

Тоқаңа бұл мәселені халыққа айту жөнінде ұсыныс айтқанымда, ол әлі уақыты келмегенін жеткізді.

Қазақстанда қаңтар оқиғалары басталған кезде Ресей Федерациясы өз әскерін кіргізіп, елді басып алмақ болған. Бұл ақпаратты алғаш болып білген ғарышкер Тоқтар Әубәкіров. Екеуара болған әңгімені белгілі кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.

«Тоқтар Әубәкіровтен «қаңтар оқиғасы болып жатқанда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерін (әрі қарай - ОДКБ) кіргізу керек деп теледидардан айтқаныңыз қалай? Сізді жұртшылық сатқын деуге дейін барып жатыр, астары не?» деп сұрадым. Сонда Тоқаң былай деп жауап берді: 

 «Шерулер енді басталып, әлі қантөгіс, бұзақылық жоқ кезде маған Мәскеуден өзімді жақсы білетін беделді әскери адамдар телефон соғып, Қазақстанға 9 дивизия кірейін деп жатқанын хабарлады. Оның ішінде әуе десанттары да, ауыр артиллерия да бар екен. Жақын күндері біздің елге кіріп, өз тәртіптерін орнатпақ екен. Мен осы ақпаратты ел билігіне айттым. Бірақ олардың тарапынан ешқандай ұсыныс, қимыл байқалмағандықтан, амалсыздан телеарна арқылы ОДКБ әскерін шақыру туралы ұсыныс беруге мәжбүр болдым. Егер ОДКБ әскері кірсе, Ресей билігінің зұлымдық идеясы жүзеге аспай қалады деген пайым тұрды. Содан бір-екі күннен соң Тоқаев шешім қабылдап, онлайн жиналыс өткізіп, ОДКБ-ны шақырды. Біздің бақытымызға орай ОДКБ-ға қазір төрағалық етіп отырған Армения. Содан олар екі-үш сағат ішінде шешім қабылдады. Осылайша Кремльдің жоспары іске аспай қалды. Басып кірейін деп дайын тұрған әскердің ішінен таңдап, ОДКБ, яғни басқа мемлекеттердің солдаттарымен бірге жібере салды».

Ұзақбай Айтжанов бұл пікірге өз ойын қосты. 

«Расымен де ойланып қарасақ, бір ротаның өзін екі-үш сағат ішінде дайындап жібере алмайсың. Оған кемінде үш күндей керек. Ал қаңтарда ОДКБ шешімі қабылданған соң  әскер біздің жерімізге қонып жатты. Әрине, бұл версияға сенуге де, сенбеуге де болады. Бірақ Тоқтар Әубәкіровтың айтқаны осы. Логикаға да сыяды. Тоқаңа бұл мәселені халыққа айту жөнінде ұсыныс айтқанымда, ол әлі уақыты келмегенін жеткізді. Сөйтіп әлеуметтіке желідегі  Әубәкіровке қарсы сөз көбейіп кеткендіктен мен айтуға шешім қабылдадым»,- деді кәсіпкер. 

Дереккөз: ulysmedia.kz

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары