Шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бірқатар өзекті тақырыптар бойынша мәселе барын қадап кайтқан еді. Ол Үкіметтің қателіктерін нақты көрсете келе және тіпті кейбір министрлерге сөгіс берді. Мемлекет басшысы министрлер кабинетінің жұмысын «үшке» бағалап, күзге қарай кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін екенін де ескерткен болатын. Премьер-министр Әлихан Смайылов Tengrinews.kz журналисіне берген сұхбаты барысында Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын қалай орындап жатқанын, бірінші кезекте не өзгеретінін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Мемлекет басшысының біздің мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінде аса өткір тұрған бірқатар маңызды мәселелерге ерекше назар аударғаны түсінікті. Бұл бірінші кезекте бағаның өсуін, оның ішінде азық-түлік бағасының өсуін тұрақтандыру мәселесі. Халықтың табысын арттыру, ақша-кредит, салық-бюджет саясаты, энергетика мен энергетикалық қауіпсіздікті дамыту мәселелері, автожол саласының проблемалары.
Тапсырмада айтылғанды ескере отырып, біз жұмыстың аса маңызды бағыттарына назарды күшейтеміз. Ең алдымен, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейміз. Экономиканың одан әрі дамуы үшін, бизнестің дамуы үшін, халықтың әл-ауқатының өсуі үшін. Жедел жүйелі шаралар қабылдануда, нарықты отандық тауарлармен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Импортты алмастыру мәселелері өте өткір тұр, экономиканы әртараптандыру қажет»,- деді ол.
Үкіметбасы бірқатар сала мамандарының жалақысын көтеру мәселесі де басты назарда екенін атап өтті.
«Біз дәрігерлерге, педагогтарға, бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақыны көтеру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Сондай-ақ, жеке кәсіпорындардың өз қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруін қадағалап отырмыз. Бюджет саласындағы мәселелер шығыстарды оңтайландыруға, бюджеттен бөлінетін әрбір теңгеден қайтарымның тиімділігін арттыруға тікелей қатысты», - деді Премьер.
Президент өзі берген кейбір тапсырмалар Үкіметте әуре-сарсаңға салынатынын бірнеше рет ескерткен еді. Әлихан Смайылов мұның нақты себебіне тоқталды.
«Осы жылдың басынан бері Мемлекет басшысы жаңа үкіметке 200-ден астам тапсырма берді, олардың 130-ын орындадық. Қалғандары орындалуда, өйткені олар ұзақ мерзімді сипатқа ие және бір бөлігі заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Кез келген шешім сарапшылардың халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленуін, азаматтардың жобаларды көре алуы және өз ескертулерін немесе ұсыныстарын беруі үшін жұртшылықпен келісуді талап етеді. Біз «Атамекен» ҰКП арқылы бизнес-қауымдастықтан келісім алуымыз керек.
Егер онсыз шешім қабылдайтын болсақ, онда қысқа мерзімді перспективада бізде қандай да бір оң нәтижелер болады. Бірақ біз стратегиялық тұрғыдан ұтылуымыз мүмкін. Ал мұның елдің дамуы жолында теріс әсер беруі ғажап емес», - дейді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы басымдық берген мәселелер осылар. Смайылов ішкі экономикаға кедергі келтіретін немесе теріс әсер ететін сыртқы жағымсыз факторлар бар екенін айта келе, біртіндеп қабылданған шаралар арқылы жағдайды жақсартуға болатынын жеткізді.