26.08.2022, 18:20

Алматыда дәретханадан табылған нәрестенің жағдайы ауыр

Фото: ашық дереккөз
Баланың 17 жастағы анасы да ауруханада жатыр. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Алматыда дәретханадан табылған шақалақтың жағдайы ауыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

25 тамыз күні таңғы сағат 06:53-те Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жаңа туған нәресте түскен. Шақалақ бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.

«Нәресте шала туған. Яғни, 21-22 аптада дүниеге келген. Гипотермияға байланысты қазіргі уақытта баланың жағдайы өте ауыр. Реанимация бөлімінде қарқынды терапия алып жатыр», - деп хабарлады басқармадан.

Баланың 17 жастағы анасы да ауруханада жатыр. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

«Науқас №4 қалалық клиникалық аурухананың гинекология бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта жағдайы орташа, тұрақты. Клиникалық хаттама бойынша толық көлемде ем қабылдап, тексеруден өтеді», - деп атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.