Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкаға кетуі жөнінде пікір білдірді.
"Өмірзақ Естайұлы тәжірибелі басшы, ұзақ уақыт бойы мемлекеттік қызметтің түрлі құрылымдарын басқарып келді. Оны расында да маңызды саяси тұлға деп атауға болады", – деді Роман Скляр Үкімет кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Вице-Премьер Өмірзақ Шөкеевтің қабылдаған шешімін өте дұрыс және заңды деп атады.
"Мемлекеттік қызмет туралы заңда қарамағындағы қызметкердің кінәсі дәлелденген жағдайда тікелей басшының отставкаға кету туралы өтініш беретіні жазылған, оны жоғары тұрған басшы қабылдайды немесе кері қайтарады. Сондықтан Өмірзақ Шөкеевтің әрекеті өте қисынды және дұрыс", – деп түсіндірді Роман Скляр.
Еске салайық, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға кету туралы өтініш берді. Бұл ақпаратты өңір әкімдігінің баспасөз қызметі растаған еді.