Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуінде қаладағы бомбадан қорғанатын орындарды үш жылдың ішінде қалпына келтіруге уәде берді, деп хабарлайды «Власть» сайты.
Ақпаратқа сүйенсек, қалпына келтіру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Аудан тұрғыны әкімнен әлемдегі геосаяси оқиғаларға байланысты бомбадан жасырынатын орындарды қалпына келтіру бағдарламасын қарастыруға бола ма деп сұраған. Сондай-ақ тұрғын Алмалы ауданындағы ғимараттардың бәрінен бұрын бой көтергенін айтып, көптеген үйлерде бомбадан қорғанатын орындардың баяғыда салынғанын атап өткен.
Досаев «совет кезіндегі тарихи активтерді қалпына келтіру бағдарламасы» дайындалып жатқанын айтқан. Әкім президент бомбадан қорғанатын орындарды қалпына келтіру туралы тапсырма бергенін де жеткізген.
«Бағдарлама бар. Қазір Кеңес Одағынан қалған барлық тарихи құндылықтарымызды ретке келтіру үшін жеке бағдарлама әзірленетін болады. Жұмыс басталды, мемлекет басшысы бізге осындай жұмыс тапсырды», – деп түсіндірген Досаев.
Досаевтың түсіндіруінше, бомбадан қорғанатын орындарды қалпына келтіру қажеттігі аймақтағы геосаяси жағдаймен ғана байланысты емес.
«Бұл геосаяси жағдаймен ғана байланысты емес. Біз сейсмикалық аймақтамыз, қала жағдайларға дайын болуы тиіс. Жеке бағдарлама болады, үш жыл ішінде қажетті нормативке келтіруге тырысамыз», – деген әкім.