27 тамыз күні түске жақын Түркістан облысы Жетісай қаласында өртенген «Күлпаршын ана» базарының ондаған саудагері қаладағы Әуезов көшесін қайта жауып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Олар тез арада өртенген тауарларының өтемақысы өтеп, базарды қалпына келтіруді сұрап Facebook арқылы талаптарын жеткізді, деп жазады azattyq.org.
Бұл жолы саудагерлер екі топқа бөлінді. Бір тобы қолдарына «Тоқаев мырза, бізге көмек керек» деген жазуы бар плакат ұстады. Жиналғандарды полиция пен прокуратура қызметкерлері бақылап тұрды. Олардың кейбірі плакат ұстап, жолды жапқан саудагерлерді сабырға шақырды.
– Жеті балам бар. Бесеуі мектепте оқиды. Ешқайсысына киім алған жоқпын. Сауда жасап алайық деп бар ақшама тауар сатып алған едім. Жанып жоқ болды. Енді балаларым қалай мектепке барады? – деді бір әйел.
Оның сөзін жалғаған екінші наразы күйініп "Бүкіл базар бір сағаттың ішінде жоқ болды. Бір жерден өрт шықса сөндіріп алатын еді. Көргендер өрт 3-4 жерден шықты дейді. Бірде-бір затымызды алып шыға алмадық" деді.
Наразылардың басым бөлігі күнделікті нәпақасын базардан тауып жүргенін, енді қалай күн көретінін айтып шағынды.
«Барлық тауарым көз алдымда жанып кетті. Ішпей-жемей бар тапқанымды саудаға салғам. Кешеден бері шырылдап жүгіріп жүрміз. Шыққан шығынымызды қайтарсын. Орнымызды жасап берсін», деді саудагердің бірі көзіне жас алып.
Көп кешікпей наразылардың алдына өртке байланысты құрылған комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов келіп, жағдайды түсіндіруге тырысты. Оның сөзінше, тергеуге байланысты базарды қалпына келтіру жұмысы тоқтап тұр. Бірнеше сараптама жасалған соң тазалау жұмысы басталады. Өртенген базар 15 күнде қалпына келтіріледі. Ол наразыларға жолды жаппай, талаптарын аудан әкімдігіне келіп айтуды сұрады.
«Тіркелген кәсіпкерлер базарда жұмысын жалғастырады. Тіркелмегендерді білмейміз» деді әкімнің орынбасары.
Наразылар шенеуніктің бұл сөзіне қарсы болған кезде әкімдіктің өзге қызметкері «684 адамның тізімі берілді, тексереміз» деді.
Саудагерлер жұмыс басталғанша базар алдында отыратынын айтып жолды ашып, жиегіне шықты.
26 тамызға қараған түні Түркістан облысы Жетісай қаласындағы «Күлпаршын ана» базары өртенген соң ертесінде күндіз ондаған саудагер наразылыққа шығып, жолды жапқан. Олар өртенген заттарына өтемақы талап еткен еді.
Наразылық Жетісай аудандық мәдениет үйінде түнге дейін жалғасқан.
Түркістан облысы әкімдігі 26 тамызда кешке "өрттен жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек берілетінін" хабарлады. Әкімдіктің ресми сайтында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың сөзінен үзінді келтірілген.
"Базар иелерімен келіскендей, өртенген базар 20 күнде қалпына келтіріледі. Жөндеуден өткен соң кәсіпкерлер базарда 1 жыл тегін отырады. Сондай-ақ салық органдарымен бірлесіп салық төлеу мәселесі де қарастырылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келтірілген шығындарды өтеу үшін қор құрылады. Комиссия төрағасы ретінде базардағы кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қорға түскен қаражаттан шығындарды өтейміз".
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, "банктер және кредиттік ұйымдармен кәсіпкерлердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға каникул алу бойынша да келіссөз" жүргізіледі. "Жеңілдетілген несие беру бойынша да жұмыстар қолға алынбақ" дейді олар.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, базардың жалпы аумағы екі жарым гектар жер. Өрт 26 тамызға қараған түні сағат 3 шамасында төбесі жабылған сауда орындарынан шыққан. Таңертең бір-ақ өшірілген. Осы уақыт аралығында 900 шаршы метр аумақ өртенген.
Өрттің шығу себебі мен келген шығынды анықтау үшін комиссия құрылған.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен іс қозғағанын, адам шығыны жоқ екенін хабарлады.