Павлодар облысына Түркменстаннан 11 отбасы көшіп келді. Олар облыстағы қала, аудандардың бірін таңдап, қоныстануда, деп жазады Pavlodarnews.kz.
Өңірге құрамында 46 адамы бар 11 отбасы көшіп келді. «Достық» үйінде өткен жиында әр аудан, қалалардың жұмыспен қамту орталықтарының басшылары келіп, қандастарға бос жұмыс орындары, қандай жағдай жасалатыны туралы таныстырды.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар қоры» Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауыт жыл басынан бері Ресей, Монғолия, Өзбекстан елдерінен 216 адам көшіп келгенін атап өтті.
“Биыл Павлодар облысына шет елдерден келетін қандастарға 800 адамға квота бөлінген. Ал, Түрікменстаннан биыл 427 қандас келеді деп күтілуде. Соның бір бөлігі міне келіп отыр. Бұл отбасылар Түрікменстаннан Қазақстанға визаны Павлодар облысына бару үшін алған. Сондықтан қазір тек осы облысқа қоныстанып, кем дегенде бес жыл тұруы тиіс. Олай болмаса, шара қолданылады. Оның бәрін ескертіп айттық”, - деді Болат Зауыт.
Оның айтуынша, Қазақстанға қоныс аударған шет елдердегі қазақтар алдымен ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) алуы тиіс. Ол 1 күнде беріледі. Кейін “Қандас” мәртебесін алады. Ол 4 жұмыс күні ішінде беріледі. Содан кейін осы өңірге тұрақты тіркеуге тұрып, бір мезетте Қазақстан азаматтығына құжат тапсырады. Осы үрдістерден кейін квотаға құжат тапсырады.
Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова қандастарға квота бойынша қандай көмек көрсетілетінін айтты.
“Қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек беріледі. Бұл 200 мың теңгеден асады. Сондай-ақ қоныстанған жерлеріне қарай 1 жыл бойы ай сайын баспана жалдауға субсидия алады. Егер қалалық жерде орналасса, 61 мыңнан 91 мың теңгеге дей+ін, ауылдық жерде 45 мыңнан 64 мың теңгеге дейін алады. Нақты сома отбасындағы адам санына байланысты. Сондай-ақ 1 жылдық соманы бір жолда алып, сол баспананы сатып алуға жұмсауға болады”, - деді Альмира Дисюпова.
Басқарма басшысы облыста қандастарға арналған болжамды карта бар екенін айтты. Онда 111 елді мекен белгіленіп, 1 мыңнан астам бос жұмыс орны анықталған.