Туристердің қорғалуына кепілдік беретін заң келер жылы қоғам талқылауына ұсынылмақ, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Бұл туралы бүгін ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев мәлім етті.
— Туристер мүддесі қорғалуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында жұмыс тобын құрдық. Біз келесі жылы туристеріміздің қорғалуына кепілдік беретін заңды талқылауға шығармақпыз, — деді ол.
Комитет басшысының атап өтуінше, комитет аталған заңда бақылау нормаларын қатаңдатуға баса мән бермек. Өйткені, қазіргі уақытта туризм саласында лицензия алу өте жеңіл болып отыр.
Сонымен қатар, комитет төрағасы «Almaz tourizm» туристік операторы оның түркиялық серіктесі «Trek Travel International» компаниясы арасындағы дау шаруашылық субъектілерінің бухгалтерлік деңгейінде жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
М.Иғалиев өз сөзінде «Гүлнәр турмен» байланысты орын алған жайтта мемлекет 1 тиын да шығындамағандығын баса айтты.
— Менің білуімше, «Гүлнәр турдың» Түркиядағы барлық туристерін шілде айының ортасында елге жеткіздік. Қазіргі уақытта Түркияға демалуға баруға тиісті туристер жоспарлы тәртіппен аттануда, —деді ол.