Түркістан облысы, Сауран ауданында екі қой ұрлығы бойынша полиция ғимаратында әбден азапталдым деген ауыл тұрғынының арызы бойынша 4 қызметкер сот санкциясымен қамауға алынды. Полицейлер ұрып-соғу арқылы 34 жастағы Нұрболат Өмірбековке жасамаған қылмысты мойындатпақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыстық істі тергеп-тексеруді Түркістан облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы айналысып жатыр. Бұл іс бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің 4 қызметкері (оның екеуі қазіргі таңда жұмыстан босатылған) күдікті ретінде танылған.
Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімет берген.
"Нұрболат Өмірбековтың арызы бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1,2-тармақшалары (Азаптау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 27 тамызда Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулыларымен 4 күдіктіге қатысты екі айға дейінгі мерзімге "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілді",- делінген Экспресс К жолдаған сауалға жазылған жауапта.
Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының мәліметінше, полиция қызметкерлері адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қылмысқа күдікті адамды мойындату мақсатымен қасақана тән және психикалық зардап келтіріп, азаптады деп күдіктеліп отыр.
Сонымен қатар күдіктілер мен олардың туыстары жәбірленушіге ақша қаражатын ұсынып, арыздан бас тартуға үгіттеген.
"Тергеу судьясы жинақталған құжаттар негізінде күдіктілердің жасаған қылмысының саралануын, тағылған айыптың ауырлығын ескерді. Оларға қатысты 2 айға күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын санкциялады", – делінген тергеу сотының ақпаратында.
Судьяның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінде белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінге мерзімге айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетсек, Түркістан облысының тұрғыны Сауран ауданының полиция бөлімінде құқық қорғау қызметкерлерінің азаптағанын мәлімдеген. Ер адамның айтуынша, оны ақпан айында 100 мың теңге тұратын екі қойды ұрлады деген күдікпен ұстаған. Осылайша қылмысты жасағанын күштеп мойындатпақ болғанын жазған болатынбыз.