Павлодар облысында ер адам өртеніп жатқан көліктен төрт адамды құтқарды, содан кейін көлік жарылып кетті.
Маралды ауылының 42 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жүзбаев жарылыс қаупіне қарамастан, өртеніп жатқан көлікке қарай ұмтылып, екі жәбірленушіні шығарған, ал куәгерлердің бірі оған тағы екеуін құтқаруға көмектескен.
Қазір зардап шеккендер ауруханада жатыр. Төрт адамның біреуі комада, екеуі ауыр халде. Оқиға 26 тамызда Павлодар - Шарбақты тасжолындағы Маралды ауылының маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, көлік КамАЗ тіркемесімен соқтығысып, бірден отқа оранған.
Желіде тараған кадрларда отқа оранған көлік, одан бірнеше метр жерде шөпте жатқан адамдар, зардап шеккендерге көмектесіп жатқан жедел жәрдем қызметкерлері көрінеді.
Куәгерлер видео Еркебұлан өртеніп жатқан көліктен адамдарды алып шыққаннан кейін түсірілгенін айтады. Құтқару сәті видеоға түспей қалыпты.
Ер адам Маралды станциясында теміржолшы болып жұмыс істейді екен.
"Сол күні кешке жұмыстан қайтып келе жатып тасжолдағы жол апатын көрдім. Жолдың шетінде КамАЗ тұрды, сәл ары қарай Audi өртеніп жатты. Мен бірден жанып жатқан көлікке жүгірдім. Ішінде адамдар болды. Жақын маңда біраз адамдар тұрды, бірақ олар көлік жарылып кете ме деп қорқып жақындамады. Мен де қатты қорқып тұрсам да, құтқару керек деп айқайладым. Көлік кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін екенін білдім.
Есікті тартып ашып біреуін шығарып, сүйреп шөпке алып бардым. Осылай екіншісіне жүгірдім, бұл кезде жалын одан да ұлғая түсті. Жүргізушілерге жүгіріп барып, өрт сөндіргіш сұрадым. Бірақ ешкімде өрт сөндіргіш болмады. Біреу маған кішкентайын берді, мен жанып жатқан көлікке қайта жүгірдім, өрт одан сайын күшейді, өрт сөндіргіш көмектеспеді, мен екінші жолаушыны шығара бастадым. Сосын тағы бір адам екі адамды алып шығуға көмектесті. Соңғы жолаушыны құтқарғаннан кейін, бір минуттай уақыт өтті, жарылыс болды", - дейді Жүзбаев.