01.09.2022, 16:40

Ералы Тоғжанов: «Ақтөбеге бүкіл командамды алып барады деп алаңдаудың қажеті жоқ»

Ол мәселе бойынша алаңдаудың қажеті жоқ. Үкіметке ауысқанда жалғыз өзім келдім деп айтуға болатын шығар. Өзіммен бірге ешкімді ертіп әкелген жоқ едім.

Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған Ералы Тоғжанов жаңа қызметін Президенттің артқан үлкен сенімі деп бағалайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбеге барған соң команданы өзгертесіз бе? Ондағылар алаңдап жатыр», - деп сұрады БАҚ өкілі жаңа тағайындалған әкімнен.

Ералы Тоғжанов Үкімет құрамындағы тәжірибесін еске салып, олай алаңдауға негіз жоқ деген ой айтты.

«Ол мәселе бойынша алаңдаудың қажеті жоқ. Үкіметке ауысқанда жалғыз өзім келдім деп айтуға болатын шығар. Өзіммен бірге ешкімді ертіп әкелген жоқ едім. Бәрі Мемлекет басшысының бүгін алдымызға қойған маңызды міндеттеріне және сондағы өзекті мәселелерді шешу жолындағы мамандардың жауапкершілік деңгейіне байланысты», - деді Ақтөбе облысының әкімі.

Сондай-ақ, ол өңірдегі ең өзекті проблема жолдар мен халықтың табысын арттыру екенін атап өтті.

«Ақтөбе облысының әлеуеті өте зор. Аумағы бойынша да, халқының саны бойынша да ең үлкен облыстардың бірі. Сондықтан үлкен сенім білдірді. Сол сенім мен халықтың қолдауын ақтау керек», - деді Ералы Тоғжанов.