03.09.2022, 07:07

Сенбіде барлық өңірде күн ыстық болады

фото: ашық дереккөзден
Нұр-Сұлтан қаласында ауа температурасы күндіз +34+36°С-градусқа дейін ысиды.

3 қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде бұлтты және құрғақ күн райы күтіледі. Тек солтүстік-батыста, солтүстікте және батыста атмосфералық фронттардың өтуімен өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді, бұршақ жаууы мүмкін. Республика бойынша кей жерлерде жел күшейіп, батыста шаңды дауыл тұрады. ҚазАқпарат бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлайды.

Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде, Батыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарының басым бөлігінде төтенше өрт қаупі болады. Ақмола, Қостанай облыстарының басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Күндіз Ақмола, Алматы, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында, Павлодар облысының басым бөлігінде қатты ыстық болады.

Нұр-Сұлтан қаласында күн райы жауын-шашынсыз болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші түнде 5-10, күндіз 9-14 м/с құрайды. Ауа температурасы түнде +19+21°С, күндіз +34+36°С болады.

Алматы қаласында сенбі жауын-шашынсыз өтеді. Желдің күші – 2-7 м/с. Температура бағамы түнде +17+19°С, күндіз +31+33°С көрсетеді.

Шымкент қаласында жауын-шашын болмайды. Шығыстан жел соғады, күші – 8-13 м/с. Ауа температурасы түнде +17+19°С, күндіз +34+36°С болады.