Қостанай облысында орман өртіне байланысты арнайы комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының нәтижесі бойынша өрттен зардап шеккен барлық азаматтарға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі Архимед Мұхабетов Instagram парақшасында хабарлағанындай, ол Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинмен бірге Әулиекөл ауданының Аманқарғай ауылындағы өрттен зардап шеккен азаматтармен кездескен.
«Осы уақытта 1841 адам эвакуацияланды: Озерное ауылы (250 адам) мен Аманқарағай ауылының солтүстігінен (1000 адам), Калинино ауылынан (228 адам), Лесное ауылынан (363 адам). Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл ауылының орта мектебі мен мектеп-интернатына орналастырды. Шұғыл желі іске қосылып, төтенше жағдайлар мен психологтардың және медицина мамандарының көмегі ұйымдастырылды. Арнайы комисия құрылды. Өрттен зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсетіледі»,-деді өңір басшысы.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, 4 қыркүйек сағат 00:00-де жағдай тұрақты және бақылауда.
«Өртенген аумақ әзірге 9 мың гектардан асады. Әлі аумақты тікұшақпен барлап, аэроғарыш түсірілімдері алынады. Жақын маңдағы елді мекендерден адамдар эвакуацияланды. Ешкімге зақым келген жоқ», - деді Юрий Ильин.
Сонымен қатар, өртке байланысты гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылады.
Қостанай облысында болып жатқан өртке байланысты «AMANAT» партиясының өңірлердегі филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылатынын жазды аталған партия төрағасы Ерлан Қошанов Фейсбуктегі парақшасында.
«Қадірлі отандастар!
Қостанай облысында болып жатқан табиғи апат баршамызды алаңдатып отыр.
Жағдай Мемлекет басшысының жеке бақылауында.
Бүгін партия мүшелері мен «Жастар Рухы» қатарынан волонтерлер жасақталып, апаттан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсететін болады.
Бұдан бөлек «AMANAT» партиясының өңірлердегі филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылады.
Жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз. Біз қостанайлықтармен біргеміз және бұл сынақтан бірге өтеміз!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деп жазды Ерлан Қошанов.