$ 494.87  520.65  4.91

Президентке Діндер съезіне дайындық туралы мәлімет берілді

Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр.

Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14-15 қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық туралы мәлімет берілді.

Парламент Сенатының Төрағасы, съезд хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келетінін жеткізді. Аталған жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшылары қатысады деп жоспарланып отыр.

Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен.

Съезд аясында Декларация қабылданбақ. Бұл қорытынды құжат форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді.

Президент қазіргі жағдайда съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысына Сенаттың алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары баяндалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары