Елордада қоғам қайраткері, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлын полиция қызметкерлері ұстап алып кетті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
«Бүгін таңғы жетіде ол қаңтар оқиғасы кезінде туыстары зардап шеккен әйелдерді қорғау үшін Астанаға ұшып кетті. Олар үкімет ғимаратының жанында наразылық білдіріп, қаза тапқандарға қатысты басталған қылмыстық істерді тоқтатуды талап етті. Үкімет үйінің маңына жиналған наразы топтың барлық мүшесін полиция ұстап әкетті. Ал Рысбек Сәрсенбайұлы оларға араша түсуге тырысты, алайда оны да ұстап, көлікке салып, полиция бөлімшесіне апарды. Бөлімше табалдырығын аттаған соң оның денсаулығы сыр берді. Жедел жәрдем шақырылып, оған алғашқы көмек көрсетілді. Қазіргі кезде жағдайы жақсы, бір қалыпты. Ол өзін полиция қызметкерлерінің заңсыз ұстағанына наразылық білдіруде. Оған қатысты қандай шара қолданылатыны әлі белгісіз. Оларды әлі де полиция бөлімшесінде ұстап отырғандықтан, Рысбек Сәрсенбайұлы әйелдерді босатуды талап етуде», — деп мәлімдеді оппозициялық саясаткер Болат Әбілов.