Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қостанай облысындағы өрт салдарынан келген шығынды жабу үшін Мемлекеттік материалдық резервтен қаражат бөлінетінін, ол ақша «саналып жатқанын» мәлім етті. Бірақ қаражат бөлінетін нақты мерзімді атамады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жыл сайын Мемлекеттік материалдық резервтен Қостанай облысындағы өрт секілді төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін 17 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді екен. Бұл туралы Әділдік жолы Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұлов әлеуметтік желіде жазған. Осылай деген Смағұлов не үшін халық өз күнін өзі көріп кететініне қынжылған еді.
«Неліктен осындай жағдайда халық өзі жылу жинап кетеді? Бізге онда олар (мемлекет қызметкерлері – авт.) не үшін керек? Шенеуніктер қарапайым халықтан жиналған ақшаның реквищитін жариялап жатқанда тіпті ызаланасың. Жылына бөлінетін 17 млрд теңге аз ақша емес қой!? Сонда да қостанайлықтарды жалақысы аз жұмысшылар құтқарып жүр», - деп жазды Дидар Смағұлов.
Ulysmedia.kz порталының тілшісі осы сұрақты Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа қойған. Министрге «мемлекеттік материалдық резервтен бөлінген 17 млрд теңге қайда?» деген сұрақ қойылды.
«Резервтің бірнеше міндеті бар. Оның ішінде осындай апаттық жағдайларға (...) Оны әрине, қалай білесіз? Әрине резерв қалыптастырылып жатыр. Осындай жағдай болғаннан кейін резервтен ақша қарастырылып жатыр», - деді Қуантыров.
Осы жолы резервтен қанша қаражат бөлінеді деген сұраққа министр «саналып жатыр» деп жауап берді.
«Бюджеттік өтініш содан кейін тіркеледі», - деді Қуантыров.