ШҚО ТЖД Дағдарыс жағдайларындағы басқарма бастығы Дмитрий Огиенко арнайы брифингіде өңірде 4 ірі өрт ошағы сөндіріліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ШҚО, Қарағанды облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының өкілдері бірлескен брифингі өткізді.
Шығыс Қазақстан облысының аумағында өрт барлығы 2 500 гектардан астам жерді жалмады.
"Бүгінгі күні облыста өрт сөндірушілер өрт қаупінің жоғары дәрежесінде жұмыс істеп жатыр. ШҚО ТЖД күштері мен құралдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті, өрт, тұтану туралы хабарламалар келіп түскен бойда оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдануда. Өрт туындаған жағдайда оқиға орнына ТЖД-ның, жергілікті атқарушы органдардың, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдары, сондай-ақ полиция қызметкерлері де бірге аттануда", - дейді ШҚО ТЖД дағдарыс жағдайларындағы басқарма бастығы Дмитрий Агиенко.
Келітірілген ақпаратқа сүйенсек, Алтай, Күршім, Катонқарағай, Глубокое аудандарында және Ахмиров полигонында құрғақ шөп пен бұта-жыңғылдар өртенген. Қазіргі уақытта бұл аудандардағы өртті сөндіру жер бедерінің, яғни таулы аймақ болуына байланысты күрделеніп отыр. Глубокое ауданында 100 үйден 50 адам эвакуацияланды, қалған өңірлерде халыққа қауіп төніп тұрған жоқ.
Сондай-ақ, ТЖД мәліметінше, өртті жоюға ШҚО ТЖД, әскери бөлім, полиция, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар мен "Шығыс" ӨҚБ-дан 1364 адам, 133 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, Ми-2, Ан-2, Ми-8 тікұшақтары, Қазавиаорманқорғау және Қазавиақұтқару мекемелерінің еурокаптер тікұшақтары көкке көтерілді.