Үндістанда әйел қызының 13 жастағы сыныптасын жақсы оқығаны үшін у беріп өлтірген, деп жазады Times of India басылымы.
13 жастағы Маникандан есімді жеткіншек Караикал қаласындағы мектептің үздік оқушылардың бірі болған. Сыныптасының анасы оның жетістіктерін қызғанып, жасөспірімнен құтылудың жолын іздеген.
2 қыркүйекте мектепте дәстүрлі іс-шара өткен кезде, әйел мектепке келіп, өзін күзетшіге Маниканданның анасы ретінде таныстырып, оған сусынын беруді өтінеді.
Оқушы еш күдіктенбестен сусынды ішіп, содан кейін ауырып қалады. Үйге келгенде, іші өтіп, құса бастайды. Ата-анасы баланы жеке клиникаға апарып, шұғыл емге жатқызады. Оқушы денсаулығы жақсарған кезде үйіне жіберіледі. Алайда келесі күні бала қайтадан ауырып қалған. Ол ауруханаға дереу жеткізілгенімен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмапты. Кешке қарай Маникандан қайтыс болған.
Тергеу барысында Маниканданның анасы ұлының сусын туралы айтқанын есіне түсіріп, сол күні ұлына ештеңе бермегенін жеткізген. Содан кейін полиция мектеп қызметкерлерімен сөйлесіп, сусын ұсынған 42 жастағы әйелді анықтайды. Қаскөй бұл әрекетін мойындап, сусынға улы зат қосқанын айтқан. Сол күні әйел қамауға алынып, оған кісі өлтірді деген айып тағылды.