Қызылордалық мұғалімдердің Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке өкпесі қара қазандай. Әсіресе, орыс тілінен сабақ беретін педагогтар сағаттың азайғанын айтып шағымданып отыр. Олар министрдің реформасы алдын ала ескертілген жоқ, оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда ғана айтылды дейді. Соның салдарынан сағаты қысқарған мұғалімдер қазір бір-бірімен жанжалдасып жүрген көрінеді. Azattyq Ruhy мәселенің мән-жайын анықтап білді.
Қызылорда қаласындағы №176 мектептің мұғалімі Майра Сүлейменова орыс тілі пәнінен сабақ береді. Оқушыларды бөліп оқытпаса білім беру деңгейінің сапасы төмендеп кетеді, ал мұндайға жол бермеу үшін реформа алдын ала хабарланып, барлық тәуекелдер зерделенуі керек еді дейді ол.
«Оқу жылы басталардан екі апта бұрын ғана сағатымыздың қысқаратынын ескертті. Шулай бастағанда ешкімді жұмыстан шығармаймыз деді. Бірақ толық «ставка» емес, 10, 12 сағатпен қалған мұғалімдер көп. Өзімнің 12 сағатым бар. Енді қазір ұзақ жыл бірге жұмыс істеген мұғалімдер сағатқа таласып, бір-бірімен жауласып жатыр. Оларды да түсінуге болады, бірінің несиесі болса, екіншісі баласының оқуына ақша төлейді. Бұрынғы жалақыны есептеп жоспар құрған. Енді жағдай аяқ астынан өзгерді.
Мектепте «правком» бар, ай сайын әр мұғалімнен 4 мың теңгедей ұстап қалады. Бірақ олар мұғалімдердің құқығын қорғамады. Сонда біз оларға не үшін ақша төлеп келеміз? Әкімдік басын ала қашып, қысқарту туралы бұйрық министрліктен жеткенін жариялады. Моральдық тұрғыдан мұғалімдерді әбден қинады бұлар», - деді қызылордалық ұстаз Майра Сүлейменова.
№176 мектепте 1300 оқушы бар. Орыс тілі пәнінен 14 мұғалім сабақ беріп келген. Пәндік жұмыс сағатының қысқаруы білім сапасына да тікелей кері әсерін тигізеді деп санайды отыз жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер. Өйткені сыныптағы 24-40 оқушы аралығына дейін отыратын балаларға мұғалімдер білім үйретіп үлгермейді.
«Осы мектепте ауысқаныма 6 жыл болды. Жұмыс уақытым қысқарып, 10 сағатпен қалдым. Қызым студент, жолдасымның айлығы да мардымсыз. Мойнымда несием бар. Жарымаған жалақымен қарыздарымды қалай төлейтінімді білмеймін», - деді орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Хен.
Пәндік сағаттары қысқартылған ұстаздар ел көлемінде бірнеше рет жиын өткізіп, арызды министрлікке қарша боратқан. Қанша қарсылық танытса да министрлік шығарған шешімнен бас тарпаған еді. Жуырдағы жолдауында Президент: Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», - деген еді.
Ұстаздар болса Оқу-ағарту министрлігінің әрекеті Президенттің айтқанына қарама-қайшы дейді.
«Мектепте 132 мұғалім бармыз. Әртүрлі пәннен сағаттың қысқаруы мұғалімдерді депрессияға түсірді. Төмендегілер министрілікке кейбір мектеп мұғалімдері 40 сағатпен жүреді деп теріс мәлімет берген. Қалалық жерде ешқашан мұғалімде ондай көп сағат болған емес. Қазір енді біздің мектеп қана емес, осы Қызылорда өңіріндегі барлық мектепте айқай-шу, сағатқа талас», - дейді Майра Сүлейменова.
Сағаты қысқарған пәндер бойынша қанша мың мұғалімнің айлығы азайғаны әлі анық емес. Президент жолдауда тіл тақырыбын қозғаған соң министрлік сағат санының қайтадан көбейетінін мәлімдеген, бірақ істі нақтыламады. Министрлік өкілдері күрмеуі көп сұраққа кейінірек жауап беретінін мәлімдеді. Ал оқу жылы басталмай жатып келеңсіз жағдайда қалған мұғалімдер кімге барып мұңын айтарын білмей жүр.