Қостанай облысы Аманқарағай ауылындағы ірі орман өрті салдарынан зардап шеккен тұрғындар жаңа үйлерге көшкілері келмейтінін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
Қазіргі уақытта үйі өртенген тұрғындар үшін жаңа үйлер салынатын жерге су, газ және жарық тартылуда. Естеріңізге салсақ, президент 2,5 ай ішінде үйлері өртенген адамдарға арнап жаңа тұрғын үй салуды тапсырды.
Десе де өрттен жәбір көргендер әкімнің ешкіммен кеңеспей, басқа ауданнан үй беру туралы шешіміне наразы.
91 үй өртеніп кеткен Аманқарағай ауылдық округінің тұрғындары әлі күнге дейін өз-өздеріне келе алар емес. Тоқаев өңірден кеткен соң, жергілікті шенеуніктер ауыл тұрғындарын жинап, қандай да бір талқылаусыз Аманқарағай кентінен Әулиекөл ауылына көшуге тура келетінін мәлімдеді. Ал халық жаңа үйлер Аманқарағайда салынғанын қалайды.
"Мұнда жер батпақ, сортаң. Үйлер ылғалдана беретін болады. Кеңес заманында да бұл жерде ешкім ештеңе салған жоқ, өйткені бұл жерде өсімдік, бау-бақша өспейді. Сонымен қатар, жолдың бойында зират бар. Біз бұл жерде өмір сүргіміз келмейді", - дейді Аманқарағай ауылының тұрғындарының бірі.
Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменовтың айтуынша, 2018 жылдан бері Әулиекөл ауылын дамыту жоспары қолға алынып, биыл іске асырылады. Сондықтан тұрғындар жаңа мекенге көшуі тиіс дейді.
Сонымен қатар, халық зақымдалған мүлік пен өрт салдарынан қырылған малдың өтемін қашан алатындарын білмей алаңдаулы. Бұған билік өкілдері өз жауаптарын берді.
"Өрт салдарынан қаза болған мал жануарлар идентификациясы базасы бойынша өтемақы жүргізілетін болады", - деп түсіндірді Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Гауез Нұрмұхамбетов.