08.09.2022, 17:40

Алматыда қасақана от қойған адамның өрт сөндіру қызметкері екені расталды

Азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері жұмыс істейді.

Алматы ормандарында өрт шығарған азамат өрт сөндіру қызметкері болып шықты. Бұл жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"7 қыркүйекте YouTube-тегі "Бәсе" арнасында "Қазақстанды Төтенше жағдайлар министрлігі өртеп жатыр" деген бейнеролик жарияланды. Онда Алматыда өрттерді ұйымдастырған өрт сөндіру қызметінің қызметкері Жанат Өтеулиев екенін көрсетеді. Видеода көрсетілген азамат шынымен де Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері екенін хабарлаймыз", - делінген ақпаратта.

Өтеулиев Жанат Ерғалиұлы Азамат 1983 жылы туған, азаматтық қорғау аға өрт сөндіру сержанты екені белгілі болды. Азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері жұмыс істейді.

Алматы облысы Жамбыл ауданының полиция қызметкерлері Өтеулиевті ұстап, ол ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігі және 440-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Тексеру іс-шаралары барысында Утеулиев Ж.Е. қатты мас күйде болғандықтан, ағаштарды не себепті өртегенін түсіндіріп бере алмады. Қазіргі уақытта қызметтік тергеу ұйымдастырылды", - деп қосты жауапты мекеме.