Қарашығанақ мұнай-газ кен орны жұмысын уақытша тоқтатады. Бұл ақпаратты ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«12 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Қарашығанақ кен орнында жоспарлы күрделі жөндеу жүргізу үшін мұнай өндіруді тоқтату жоспарланған», - деген ақпарат жарияланды бүгін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында.
Осы орайда, Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі аталған ақпаратты ҚазАқпарат тілшісіне растады.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында орналасқан Қарашығанақ кеніші - дүние жүзіндегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі. 1979 жылы ашылған.
Қарашығанақ жобасы Қазақстан Үкіметі және Shell (қатысу үлесі 29,25%), ENI (29,25%), Шеврон (18%), Лукойл (13,5%) компанияларының альянсы мен «ҚазМұнайГаз» (10%) арасында жасалған түпкілікті келісім шеңберінде жұмыс істейді.
Ондағы мұнай қоры - 1,2 млрд тонна, газ қоры - 1,35 трлн текше метр.