Белгілі заңгер Айгүл Орынбек ішкі істер органдарының былығын айтып мәселе көтерді. Ол бұл жолы Жамбыл облысы полиция департаментіне шүйлікті.
«Екі-үш қой ұрланса мейілі екен, 80 бас қойды таппай отыру ұят емес пе? Өз күндерін өздері көріп отырған халықтың нанына тимеңдер!», - дей келе, жекесіне келген хаттың мәтінімен бөлісті.
«Сәлеметсіз бе, Айгүл ханым! Сізге хат жазу себебім - Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай ауылында 2022.08.29 ,30 тамызға қараған түнде Бурыл-2 үйден 80 бас қой ұрланып әлі күнге дейін із-түзсіз жоқ. Полиция бөліміне хабарласып арыз жаздым, өз бетімше іздегеннен еш нәтиже жоқ. Байзақ ауданында мал ұрлығы өршіп тұр, қолды болған малдар ізім-қайым, құмға сіңген судай жоқ болады.
Бұл болып жатқан ұрлықтың артында бір адам басқарып отыр-ау... Неге әкімдер, ішкі істер бөлімдері қауқарсыз?Айналып келіп өзімнен сұрай береді, тура өз малымды өзім ұрлап тығып отырғандай. Осыдан бір жыл бұрын тура осы ауылдан 250 бас қой ұрланды үйдегі қорасынан менікі сияқты айдап кеткен. Жесір әйел облыс әкіміне дейін жылап жүріп, әйтеуір табылды деді жартылай. Есік алдындағы малыңа еге болмай, ай қарап жаттың ба деп айыптамаңызшы. «Аңдыған алмай қоймас» деген, бұл ұрыларға бір тыйым болмаған соң ойларына келгенді жасап тайраңдап жүр. 80 қой деген 8 қой емес, арандары зор болып кеткен.
Бұл мал ауылдық жердегі күн көрісіміз ғой. Сізден өтініш, Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы мал ұрлығына қашан тыйым болар екен, өзіңіз осындай шешімі жоқ шиеленісі көп тірліктің бел ортасында әділетсіздікпен күресіп жүретін, тура биде туған жоқ деп шырылдап жүрген өжет қызсыз ғой, менің өтінішімді жерге қалдырмай жоғары жаққа дабыл қақсаңыз, бір нәтижесі болар еді. Аядай ауылда тапқанымызды ит жеп, ұрыларға жем болсақ, шиеттей бала-шағаны қалай асыраймыз?
Осы уақытқа дейін өкіметтен бір көмек алмай, адал еңбекпен жиғанымызбен күн көріп отырғанбыз. Ендігі күніміз не болады? Сізден үлкен өтініш, сіз кіріссеңіз, сең қозғалып ішкі істер органдары етек-жеңін жиып, ұрыларға тосқауыл болар еді. Көмектесіңізші өтініш», - деп келтірді заңгер оқырман хатын.