Байқоңырда екі топтың қақтығысы салдарынан адам өлімі орын алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Брифинг Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетов пен облыстық ДПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Асхат Мұхтарұлының қатысуымен өтті. Басқарма мәліметінше, оқиға 2 қыркүйек күні болған.
Жедел ақпаратқа сәйкес, қалада "Арбат", "Даманск", "Нейтралка" және "Шағын аудан" болып, 4 топқа бөлінген. Қайғылы оқиға "Арбат" және "Даманск" топтары басшыларының бір-бірімен жанжалдасуы салдарынан болды", - деп атап өтті брифингте.
Белгілі болғандай, 31 тамыз күні сағат 23.30 шамасында оқ жарақатымен екі ер адам ауруханаға түскен. Осы факті бойынша 1 қыркүйекте Ресей федерациясы Ішкі істер министрлігінің "Байқоңыр" кешені бойынша департаменті Ресей федерациясының Қылмыстық кодексінің 111-бабы 3-бөлігінің "б" тармағы бойынша (Қасақана ауыр зиян келтіру) қылмыстық іс қозғаған.
"Екі немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіру" бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, әзірге күдіктілер анықталмаған. Осыдан кейін қыркүйектің 2-нен 3-іне қараған түні сағат 00:30 шамасында көпқабатты үйдің ауласында көлікпен келген белгісіз біреулер 1988 жылы туған азаматқа қарудан оқ атқан. Ол оқиға орнында қайтыс болды.
Аталған факті бойынша Ресей федерациясы ІІМ "Байқоңыр" кешені бойынша департаменті Ресей федерациясының Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қазір күдікті анықталды. 4 қыркүйекте ол Ресей федерациясы ІІМ "Байқоңыр" кешені бойынша департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Спикерлер қаланың ерекше мәртебесі мен онда орналасқан мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібі халықаралық шарттармен реттелетінін атап өтті. Келісім негізінде Байқоңыр қаласының аумағында алдын алу шараларын Ресей федерациясының құқық қорғау органдары қамтамасыз етеді.