Ақын Мерген Тоқсанбай Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Еленовка ауылының атауы Самалтау болып өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақынның жазбасына сәйкес, ауыл атауын өзгерту мәселесі арнайы жиында қарастырылған. Дегенмен атауды өзгертуге қарсылық білдіргендер де болған.
"Бүгін Еленовка ауылының атын ауыстыруға арналған жиналыс болды. Бұл жердің тарихи атауы – Самалтау! Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нугманов ағам ұлттық мүдде, ономастика мәселелері жөнінде сөз сөйлей бастап еді, әдеттегідей орыс апайлар шулап қоя берді.
Әйтеуір бұл жолы жалғыз барғам жоқ, Көкшетаудан Нұрислам Әбділ , Манарбек Қыдырбайұлы , Бахтияр Исмагулов , Абылайхан Әшімхан , Оралбек Нүрүш , Думан Самат бауырларым барған, олар да айтысып-тартысып, Алмас ағам күні-түні ізденіп архив пен ескі кітаптардан, газет-журналдардан тапқан деректерін алға тартып, ақыры дауысқа салып, ауыл атын қазақшалаймыз дегендер басым түсті”, – делінген жазбада.
Мерген Тоқсанбай жиналыс барысында бірден хаттама толтырылып, мөр басылғанын жеткізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда облыстық мәслихат депутаттары 17 көшенің атауын өзгертуді мақұлдаған еді. 2021 жылы сәуірде 30-ға жуық көшенің атауын өзгерту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткен.