10.09.2022, 07:00

Жетісу облысындағы дала өрті Қытай шекарасына да жетті

Қызыл жалын көрші мемлекеттің күшімен сөндірілді.

Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаменті Алакөл ауданының таулы аймағындағы өрт жайлы жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Департамент өкілдерінің мәліметінше, өрт ауданы 500 гектарға жеткен. 

«Сағат 15:00-де Абай облысынан қосымша МИ-8 ұшағы шықты. Желдің жылдамдығы 28-30 м/с, бірақ желдің бағыты шығыстан батысқа қарай Үшарал-Достық тас жолына қарай өзгерді. Шекарадан қашықтығы 10 шақырым. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай бақылауда. Барлығы екі МИ-8 тікұшағы, 17 техника және 183 жеке құрам жұмылдырылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ведомстводағылар өрт көрші Қытай шекарасына жеткенін де мәлімдеді. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Шекара қызметі көрші мемлекетке өрттің соларға қарай таралуы мүмкін екенін ескерткен.

«Қызыл жалын көрші мемлекеттің күшімен сөндірілді. Оқиға орнында штаб жұмыс істеп жатыр», - деді басқарманың баспасөз қызметі.