$ 449.58  486.94  4.86

Президент мандатына қатысты түзетулер сайлауға дейін енгізілмек

Заң жобасында Президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі туралы және оның бір реттен артық сайлана алмайтыны жөніндегі нормаларды кейін өзгертуге жол бермейтін ереже енгізу де көзделген.

Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Конституцияға түзетулерге қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Ақорда. 

"Биылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанын білесіздер.  

Ондағы маңызды саяси бастамалардың бірі - Президенттің мандатын қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеу. 

Мәжіліс депутаттары осыған қатысты түзетулерді Конституцияға енгізу мәселесін жеделдетуді ұсынды. 

Олардың пайымдауынша, жаңа нормаларды президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша осы күзде Президент болып сайланатын адамға жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін.  

Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру үшін Конституцияға түзетулер енгізу қажет. Осыған байланысты, Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен тиісті Заң жобасы әзірленді. 

Заң жобасында Президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі туралы және оның бір реттен артық сайлана алмайтыны жөніндегі нормаларды кейін өзгертуге жол бермейтін ереже енгізу де көзделген. 

Бір адамның бір рет қана сайланатыны туралы норма Конституцияға енгізілетін түзету күшіне енгеннен кейінгі президент сайлауында Мемлекет басшысы болып сайланатын адамдарға қолданылатын болады. 

Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және Президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолы Президент атанатын азамат үшін және одан кейінгі барлық Мемлекет басшылары үшін президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектеледі. 

Президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі белгіленуіне байланысты осы заң жобасында Конституциялық Сот судьяларының қызмет мерзімін алты жылдан сегіз жылға ұзарту ұсынылды. Олар да бұл лауазымға қайта тағайындалмайтын болады. 

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын тұлғалардың, яғни Президенттің және Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінен ұзағырақ болады.  

Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі олардың түрлі саяси күштердің ықпалынан тәуелсіз болуына басты кепілдік болып саналады.  

Конституциялық Сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайды. Сондықтан, оның судьяларының өкілеттік мерзімін ұлғайту туралы шешімді қазірден-ақ қабылдаған маңызды болмақ. 

Ата заңымыздың 91-бабының 3-тармағына сәйкес заң жобасы Конституциялық Кеңеске жолданды. 

Кеңес Негізгі заңға енгізілгелі отырған түзетулердің Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігіне қорытынды береді", - делінген оның үндеуінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Конституция